Қоғам

Алматыда жігітпен кездесуге кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды

Айнагүл есімді бойжеткен қайтыс болардан 20 минут бұрын, жігіттен күдіктеніп полицияға өзі хабарласқан

Алматыда ер адаммен кафеге кездесуге кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды. Оқиға 16 қазанда болған. Марқұмның туыстары полиция қылмыстық істі «кісі өлтіруден» «абайсызда кісі өлтіру» бабына ауыстырып жібере ме деп күдіктенеді. Бұл туралы angry_taldyk инстаграм парақшасында жария болды, деп хабарлайды KYN.KZ  тілшісі  Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Кафедегі басқа демалушылар ер адамның қызды сыртқа сүйреп шығарғанын көреді. Көшеде шын мәнінде не болғанын ешкім нақты айта алмайды. 20 минуттан кейін Айнагүлді полицейлер өлі күйінде тапқан.

Оқиғадан кейін ұсталған азаматтың туыстары кешірім сұрау үшін марқұмның ата-анасының үйіне барған.

«Ол отбасында жалғыз ұл екен. Біз бәрібір кешірмейміз. Өйткені қызымыздан айырылып отырмыз. Ол қылмысы үшін жауап беруі керек», – дейді Айнагүлдің туыстары бірауыздан.

Қайтыс болған қыздың туыстары күдікті лайықты жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды. Олардың ойынша, Алматы қаласының Полиция департаментіне қарасты Түркісіб полиция бөлімі істі «кісі өлтіру» бабынан «абайсызда адам өлтіру» бабына ауыстырып жіберуі мүмкін.

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның ата-анасы кеше баласын жер қойнына тапсырды. Олар тек істің әділетті шешелгенін қалайды.