“Тұрмыста қорлық көргенім рас": Сұлулық байқауында жеңіске жеткен алматылық көпбалалы ана ашық сұхбат берді
Айбара Ғазиз 2-3 жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықты басынан кешкен.
Жақында алматылық көпбалалы ана, кәсіпкер Айбара Ғазиз "Миссис Kazakhstan Globe 2023" атағын алған болатын, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Дағдарыс орталығын паналаған келіншек өткен өміріндегі қиын күндер мен осы дәрежеге қалай жеткені жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.
- Айбара, ең алдымен "Миссис Kazakhstan Globe 2023" байқауындағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! Осы байқауға не үшін қатысқыңыз келді?
- Көп рақмет! Байқауға қатысып, миссис атанамын деп ойлаған жоқпын. Негізі бұл ой кездейсоқ келді. Өзім үнемі даму үстінде жүремін. Байқауға дейін "Әйел адамның бизнестегі орны" деген форум болды, соған жай көрермен ретінде келген едім, сол жерде байқау туралы білдім. Жаңа таныстық, түрлі тренинг болатынын естідім. Өзімді жаңа қырымнан танытып көрейінші деген ниет пайда болды. Әрине, кішкентай кезімізде бәріміз ханшайым болуды армандаймыз. Сол бір арманым орындалса деген ниет болатын. Осылайша өзімнің бағымды сынап көруге бел будым. - Байқауда өзге қатысушылардан қалай ерекшелендім деп ойлайсыз?
- Өте қызық сұрақ. Ол жағын ойланып көрмеппін. Бірақ бір нәрсе айтайын. Мен шынайы болдым. Адам өзін еркін, шынайы ұстаған кезде алынбайтын қамал жоқ. Өзім бизнес жаттықтырушы болғандықтан ел алдында жоба қорғау жағынан менде тәжірибе бар, сол көмектесті деп ойлаймын.
- Өзіңіз немен айналысасыз? - Мен мемлекеттік гранттар бойынша сарапшымын, сонымен қатар шетелдік гранттар туралы айтамын. Бірнеше инвестормен жұмыс жасап, өз кәсібімді дамыттым. Шынымды айтсам, нөлден бастағанмын, қарыздың ішінде жүрген, қаржылық сауаты жоқ әйел болатынмын. Қазіргі таңда нақты екі бизнесті дөңгелетіп отырған жайым бар. Жоба, бизнес-жоспар жазамын, жалпы әйел адамның қаржылай сауатына көңіл бөлемін. Тренингтер өткіземін.
- Отбасыңыз, балаларыңыз туралы айта кетсеңіз, өміріңізде қиын шақ та болыпты, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргеніңіз рас па?
- Бес балам бар. 2021 жылдың желтоқсаны мен үшін сондай бір ауыр кезең болды. Тұрмыста қорлық көрдім, рас, бұны ешқашан жасырған емеспін, өйткені, статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстандағы әр үшінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Басында ұят болады, көнейін, балаларым жетім қалмасын, ажыраспаймын, бір күні болмаса бір күні қояды деген оймен жүрдім. Өкінішке қарай осылай жүрген әйелдер көп. Бірақ сол кезде шешім қабылдап, ажырасқан жайым бар. "Зорлық-зомбылық" дегенде біздің қоғамда көбінесе оны ұру-соғу деп түсінеді. Мәселе тек ұру-соғуда емес, әрине, менде физикалық зорлық-зомбылық та болды. Қол көтеруден бөлек, экономикалық, эмоционалдық зорлық бар. Шынымды айтсам, осының барлығын көрдім. Ар-намысыма тиетін сөздер өте көп айтылды, неше түрлі психологиялық басыну болды менің өмірімде. Қалай жеңдім? Армандадым. Менде жақсы өмір болады деп. Сонымен қатар "Жансая" дағдарыс орталығындағы Зүлфия Байсақованың бастамасымен, психолог мамандардың көмегімен жеңіп шықтым.
- Ажырасамын деген шешімге оңай келмегеніңізді жоғарыда айттыңыз, жұбайыңыздан бөлек кетуге не түрткі болды?
- Ажырасу туралы ой маған қашан келді, білесіз бе? Шыбын жаныңды шырылдатып, тепкінің астына алып жатқанда кету керек деп ойладым. Ештеңе де қызық емес болып қалады екен мұндай жағдайда. Жай ғана тыныш өмір сүру арман боп қалады. Сол кезде "мен бұдан артық көне алмаймын, не болса да басқа өмір сүруге тырысамын" деген шешім қабылдадым.
- Қиын кезеңнен қалай шықтыңыз? Мотивация берген не?
- Иә, оңай болған жоқ, тамақ таппай жеті ай бойы ораза ұстаған күнім болды. Оразаны ораза қылып ұстайын деген жоқпын, расында да жейтін тамақ болған жоқ, таңда сумен ауыз бекітіп, кешке сумен аштым. Осылайша жеті ай өтті. 42 кг болып салмақ тастаған күнім болды. 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қазан айына дейін мен дағдарыс орталығында тұрдым. Бір кездерде менде намыс оянды: "Мен неге бұндай жағдайға түстім? Дағдарыс орталығы - өмірде қиын жағдайға түскен әйелдер паналайтын жер ғой. Мен мұндай өмірмен келіспеймін, мен жақсы өмір сүруім керек", деп өзімнің басқа өмірімді елестеттім. "Мен табысты боламын, кәсібім болады, өзімді жетістікке жеткен әйел ретінде көремін", деп іштей шешім қабылдадым. Осылайынша менде даму процесі басталды. Маған мотивация берген - мемлекеттің қолдауы. Елімізде шүкір, соғыс жоқ, тыныш. Армандай аламыз, тамағымыз тоқ, мүмкіндіктің бәрі бар. Мен дағдарыс орталығында жүргенде кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік гранттар жайында білдім. Кәсіп бастап, алғашқы грантым 200 АЕК - 583 мың 400 теңге ұттым. Оған екі іс машинасын алып, ателье аштым. Осылай жалғасын тауып, алғаш рет инвестордан өзімнің жобама ақша тарттым. Бұл өте мықты нәтиже деп ойлаймын. Өзім оқытып шыққан қанша шәкіртім бар.
- Қазір сондай қиын күндерді басынан кешіп жатқан әйелдерге не айтар едіңіз?
- Мен әйелдерге: "Көтер ғана басыңды, неге сен өзіңді осыншалықты төмен санайсың?", - дегім келеді. Ең бірінші беретін кеңесім - білім алыңыз, дамыңыз. Қазір ғаламторда өте көп білім бар. Өз арманыңызға сеніңіз. Сіз бұдан да артыққа лайықсыз. Алла бізге көп нығметті берген. Сондықтан оны алуға сіздің толыққанды хақыңыз бар. Неге сіз өзіңізді шектейсіз? Шектеу тек басымызда болады. Кітап оқыңыздар, әлеуметтік желіде видео қарап жатпаңыздар. Қарызда жүрсеңіз, ол да сізді үлкен белестерге алып келеді. Кез келген нәрседен мүмкіндік көре білу керек.