Алматыда бірінші кездесуде қызды ұрып өлтірген: Оқиғаның қалай болғаны айтылды
Жігіттің туыстары марқұмның жақындарына ақша әкеліп берген
Алматылық бойжеткенді кездесуге шақырған азамат оған жауыздық көрсетіп, өлтірген. Туыстарының айтуынша, күдікті қылмысын жасыру үшін қыздың ұялы телефонын алып қашып кетіпті. Енді істің жеңіл жабылып, жауыз жазасыз қала ма деп алаңдап отыр, деп жазды KYN.KZ тілшісі Астана жаңалықтарына сілтеме жасап.
31 жастағы Айнагүл Алматы қаласында мансап құрып, жақындарына жәрдемдесіп жүрген бір үйдің кенже қызы еді. Кездесуге шақырған жігітті бұрын 1 рет ғана көрген. Туыстары Айнагүлдің кездесудің алдында қалдырған аудио жазбасымен бөлісті. Онда ол 1 сағат отырып, үйге қайтамын деп хабарлама қалдырған. Алайда, бұл жас қыздың соңғы хаты болды.
Кафеде ер азамат дөрекілік танытып, бойжеткеннің еркінен тыс әрекеттерге барған көрінеді. Артынша жас қызды күшпен сүйрелеп далаға алып шыққанын бірнеше куәгер көрген. Айнагүл өз телефонынан полиция шақырған. Алайда шамамен 20 минуттан соң келген тәртіп сақшылары бойжеткеннің мәйітін тапты.
Оқиғадан кейін күдіктінің жақындары марқұмның ата-анасының үйіне барып кешірім сұрамақ болған.
Бұл жағдай Полиция департаментінде тіркеліп, тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Осы қылмысты жасады деген күдікті 1991 жылы туған Т.есімді азамат ұсталды және қамауға алынды. Қылмыстық істің шеңберінде тергеу әрекеттері тергеудің объективтілігі, жан-жақтылығы және толықтығы қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Сараптамалар тағайындалды.
Марқұм Айнагүлді жақындары өте еңбекқор адал жан, білікті маман, отбасының сүйікті қызы еді дейді. Қайғыдан қан жұтқан оның туыстары күдіктінің қатаң жазалануын сұрайды.