Қоғам

Қарағанды облысында зауытта күйіп қалған үш баланың әкесі жұмыс беруші көмектесуден бас тартты деп ашулы

Денесінің 35% күйген жұмысшы: Зауыт құрылтайшысы депутат, маған көмектеспейтінін айтты

Қарағанды облысында болат пен темір балқыту зауытында пеш жарылып, бір жұмысшы күйіп қалған. Өндірістік жарақат алған Ержан Сағатов кәсіпорын басшылығынан өтемақы төлеп беруді талап етеді. Бет-аузы мен денесін 35 пайыз күйік шалған азамат жұмыс беруші көмек көрсетуге жарамады деп ашулы.

 Ал зауыттың құрылтайшысы мәслихат депутаты болып шықты. Жазатайым оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кеткен. Бесінші қазанда темір балқыту зауытындағы пештің ішіндегі вакуумды құбыр атылып, бір жұмысшы қызыл жалынның құрсауында қалған. Басы, беті-аузы, қол-аяғы мен жамбасы қатты күйіп қалған Ержан Сағатов сол уақыттан бері ауруханада жатыр. Қиын жағдайға түскен 45 жастағы азамат кәсіпорын басшылығынан өтемақы талап етеді, деп жазды KYN.KZ  тілшісі Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

«Спецовкаларымды находу лақтырып жатырмын шешіп, сол он -он бес минуттың ішінде денем бәрі жанып кетті. Депутат сымақ бір учредитель Қытайда оқып келген. Баяғы менің шешіп тастаған футболкаммен, неммен шалбарымды аяғыммен теуіп үстіндегі киімі жанып кеткен ба деп, баяғы спецовкасы жоқ дегендей нетіп жатыр былай задный ход беріп жатыр да шыны керек. Менің талабым сол өтемақымды төлеп берсін дұрыстап»,-дейді жұмысшы Ержан сағатов.

Атпалдай азаматтың үш баласы бар. Ол отбасының жалғыз асыраушысы екен. Денесін 35 пайыз күйік шалған Ержан Сағатов зауыттың басшылығы жағдайымды білуге жарамады деп ренжулі. Ал, дәрігерлер жансақтау бөліміне түскен науқасты әрең дегенде аман алып қалдық деп отыр.

 «Бізге бесінші қазан күні 35 пайыз күйікпен науқас келіп түсті. Күйігінің он бес пайызы терең болды. Азаматты бірден жансақтау бөліміне жақыздық. Біз бірден күйікке және шокқа қарсы шараларды жасап, аман алып қалдық. Қазіргі кезде жүргізілген ем -домнан кейін жағдайы тұрақталды»,-дейді Х.Ж. Мақажанов атындағы аурухана травматологиялық орталығының басшысы Берік  Төлеубаев.

 Қазір полиция еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал, облыстық еңбек инспекциясы комиссия құрылып, тексеріс жұмыстары басталғанын жеткізді.

«Ағымдағы жылдың бесінші қазанында химиялық талдауға сынама алу кезінде "Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd" ЖШС Сағатовпен жазатайым оқиға орын алды. Осы жағдай бойынша арнайы тергеп-тексеру үшін комиссия құрылып, қортындылары қосымша хабарланатын болады»,-дейді Қарағанды облысы еңбек инспекциясының баспасөз хатшысы Әйгерім Шәкенова.

 Зауыттың құрылтайшысы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты. Осы кәсіпорынды басқарып отырған халық қалаулысының әкесі болса жұмысшының сөзін жоққа шығарды. Айтуынша, жарақат алған азамат қаржылай көмектен бас тартқан. Пікірін тек телефон арқылы жеткізген директор тергеп-тексерудің қорытындысы шықпайынша сұхбат бермеймін деп қысқа қайырды.