Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапты
Оның қасында 23 жастағы қызы болған. Олар тұратын үйге әуе соққысы жасалған
Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапты. Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, отандасымыз 23 жастағы қызымен бірге мерт болған, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Әуеден жасалған соққы кезінде жарылғыштың бірі қазақстандық әйел тұрып жатқан үйге де түсіпті. Сол сәтте жанында болған қызы да ажал құшқан. Министрліктің мәліметінше, Палестина азаматына тұрмысқа шыққан отандасымыз мұнда бірнеше жылдан бері тұрады. Қайтқан қызы да Палестина азаматы. Таяу Шығыстағы ахуал әлі тұрақталар емес.
Екі аптадан аса уақыттан бері жүріп жатқан атыс-шабыстан Газа аймағында 5 мыңнан астам адам бақилық болды. 15 мыңға жуық тұрғын жараланған. Израиль әскері әлі жердегі шабуылын бастаған жоқ. «Хамас қару-жарағын толық тапсырып, тізе бүкпей, арнайы операция жалғаса береді», - деп отыр Израиль билігі. Толық блокададағы Газада гуманитарлық жағдай да ушығып тұр.