Ақтауда 10 айлық сәби мен 2,5 жастағы бала көршісінің зиянкестерге шашқан дәрісінен уланып өлді
Марқұмдардың анасы мен тағы екі бауыры да ауруханада жатыр.
Мамандар, химиялық қоспаның құрамында аммиак қышқылы мен көміртегі оксиді шамадан тыс көп болған дейді. Оны пәтер иесі Алматыдан тапсырыспен алдырыпты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бірақ препараттың өндірушісі мен құрамы белгісіз. Қайғылы жағдай Ақтау қаласында жетінші шағынаудандағы №14 тұрғын үйде болған. Сегізінші қабатта тұратын келіншек үйіне қандала уын сеуіп, есігін жауып кетіп қалған. Дәрінің иісінен жеті адам уланып, 10 айлық сәби мен 2,5 жастағы бала қайтыс болды. Туыстары бүгін марқұмдарды жер қойнына тапсырды. Пәтерге шашылған у ауа желдеткіштен тоғызыншы қабаттағы пәтерге таралып, бүтін бір отбасы зардап шеккен. Мамандар у себілген пәтерден аммиак қышқылы мен көмірсу оксидінің шамадан тыс көп болғанын анықтап отыр. Соның салдарынан бір отбасының екі баласы көз жұмып, тағы екі баласы мен ата-анасы қатты уланып қалған.
Оқиға 21 күні түнде болды. Жиенім хабарласып, екі бала екі рет құсты деді. Қара, болмаса жедел жәрдем шақырарсың дедім. Екі бала құсып болғаннан кейін ұйықтап қалған. Таңда, сағат жетіден кете жиенім, келінім телефон соқты, балалар кетіп жатыр деп. Оған үлгерген жоқпыз деді. Балалар дірілдепқалшылдап, тұрмастан кетіп қалған. Көршілер,тым құрығанда, айтпады ма екен, улап жатырмыз деп”,-дейді Нұрсәуле Түменова.
Марқұм болғандардың анасы мен екі бауыры ауруханада жатыр. Алғашында жансақтау бөліміне түскен олар, қазір палатаға шығарылыпты. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін «қолдан келгеннің бәрін жасадық» дейді.
“2015 жылғы қыз бала, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, педиатрия бөліміне жатқыздық. 2017 жылғы ер баланың жағдайы өте ауыр болып, жансақтау бөліміне ауыстырылды. Келгендегі жағдайы өте ауыр болды. Интоксикация белгілеріне байланысты.Қазір баланың жалпы жағдайы орташа ауыр”,-дейді Мереке Бекбаев, Маңғыстау облысы көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі.
Ал қандаладан құтыламын деп бір отбасын қара жамылдырған әйел улы препаратты Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырған екен. Зиянкестерді жояды деген жарнамасына сеніп, көп мөлшерде сатып алған көрінеді.
“Біз тұрғындарға тұрғын үйді өздігімен улауға болмайтынын жиі айтамыз. Алайда көбісі мән бермейді. Пәтер иесі пәтерге 39 улы таблетканы қойып, бұл туралы көршілеріне де, пәтер иелері кооперативіне де айтпай кетіп қалған. Тергеуде екі пәтерде де аммиак қышқылы мен көмірсу оксиді деңгейінің жоғары екені анықталды. Улы газдардың бұл түрі адам өміріне өте қауіпті”,-дейді Әсима Жарылғасова, Ақтау санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының басшысы.