Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев қамауға алынды
Экс-министрге лауазым өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Негізі ақпарат өткен сенбі күні шыққан болатын. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті сот санкциясымен қамауға алынған,деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, тергеу мәліметтерінде «Бекетаев талап етілмейтін қызмет көрсеткен үлестес компаниялардың мүддесін қолдап келген» деп көрсетілген. Тықыр таянғанын сезген экс-шенеунік 21 қазан күні әуелі Стамбұлға, одан кейін Лондонға қашып кетпекші болыпты. Бөгде біреудің көлігімен, әдеттегі образынан өзгеше киіммен әуежайға бет алған Бекетаевты құқық қорғау органдары бірден ұстаған.
Естеріңізге сала кетсек, бұрынғы әділет министрі қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен-ді. Жалпы оның есімі атышулы оқиғалармен тығыз байланысты. Әділет министрлігінің тізгінін ұстағанда қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің ісін қадағалағанын білеміз. Сондай-ақ заңсыз активтерді қайтарумен айналысуы тиіс консалтингг компанияларды құруға белсене ат салысқан.
Бекетаев молдаван кәсіпкері Анатолий Статидің ісін жүргізу кезінде қомақты қаржы жеді деген де ақпарат бар. Ал 2009 жылы әділет вице-министрі болған тұста мас күйінде көлік жүргізіп, полиция қызметкерлерінің "тоқта" деген дыбыстық ескертпесіне пысқырып қарама жол ережесін бұзғаны да есте. Кейіннен бірнеше айға созылған сот процесі жылы жабылып, тіпті министр болып кеткен-ді.
“Антикоррупция қызметі мемлекет басшысының заңсыз шығарған активтерін іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әділет эксминистрін лауазым өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұстады. Ол талап етілмейтін қызметке жыл сайынғы келісімшарт жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қорғады”,-дейді Арман Тілеукенов, антикордың ресми өкілі.