Қоғам

Түркістанда балабақша көлігінің жүргізушісі бүлдіршінді қағып кетті

Бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Бүлдіршінді балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын көлік жүргізушісі басып кеткен. «Hyundai Starex» маркалы көлігінің жүргізушісі бүлдіршінді үйінің алдындағы жолдың бойына әкеліп түсірген,деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Сол мезетте бала көліктің алдынан жүгіріп өтпекші болады. Ал оны жүргізуші байқамаған. Полиция мәліметінше, бүлдіршін дер кезінде ауруханаға жеткізілген, дегенмен жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

“Қазіргі таңда полициямен аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп, жүргізуші қамауға алынды. Автокөлік арнайы автотұраққа орналастырылды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде”,-дейді Берік Нышанбаев, облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы.

Көлікті сол сәтте мүлдем басқа адам айдап келген деген ақпарат айтылуда. Сол маңда болған куәгер туысы жүргізуші ғана емес, бұған жауаптылардың барлығы жазасын алсын деп отыр.

“Түркістан қалалық білім бөлімі тарапынан арнайы комиссия құрылды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, мемлекеттік балабақшаның ата-аналары өзара тасымалды ұйымдастырғаны белгілі болды. Көлік тізгінінде болған адам шаруашылық жөніндегі қызметті атқарғаны анықталды. Жүргізушілікті қосымша алып жүрген. Тасымал барысында көлікте жауапты тәрбиеші болмаған”,-дейді Түркістан облыстық білім басқармасы.