"Әкесі мен анасы қайта-қайта талып жатыр": Аягөзде үй өртеніп, бір үйдің төрт баласы қайтыс болды
Балалардың әкесі жұмысқа, анасы базарға сүт сатуға кеткен
Балалардың анасы үйде бала бағып, мал қарап тіршілік жасаған. Ал әкесі "Қазығұл" жекеменшік ауруханасында жедел жәрдем көлігін жүргізеді екен. Қайғылы жағдай болған кезде 8 жастағы егіздер мен олардың 3 және 2 жастағы інілері үйде қалған.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 25 қазанда сағат 10:49-да Төтенше жағдайлар басқармасының күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласындағы жеке үйлердің бірінде түтін шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен, деп жазды KYN.KZ. тілшісі.
6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге жіберілген. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бөлмелердің бірінде 20 шаршы метр аумақта жиһаздар мен жеке заттар жанып жатқанын анықтаған. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11:24-те толық сөндірілген. Өртті сөндіру кезінде оқиға орнынан төрт баланың денесі табылған. Әкімдік қазіргі таңда тиісті сараптама тағайындалып, балалардың өліміне не себеп болғаны, сондай-ақ өрттің неден шыққаны анықталып жатқанын атап өтті. "Отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай жергілікті атқару органдарының бақылауында", - деп хабардар етті облыс әкімдігінен.
Abai News Telegram-арнасының мәліметінше, көз жұмған балалар – бір отбасының балалары. Олар – 8 жасар егіз бен олардың 3 жас пен 2 жастағы інілері. "Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді және оқиға кезінде жұмыста болған, ал анасы азық-түлік әкелуге базарға кеткен", - делінген жазбада.