Қоғам

Күйеуі мұрны мен құлағын кесіп алған. Әсел Ногойбаеваны қолдау мақсатында флешмоб басталды

36 жастағы Әсел Ногойбаева бұрынғы күйеуінің үнемі ұрып-соққанынан ажырасып кеткен

Қырғызстанда бұрынғы күйеуі мұрны мен құлағын кесіп алған Әсел Ноғойбаеваны қолдау мақсатында «Мен Асель» флешмобы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Жәбірленушінің әпкесі Диана Елкен 29 қазанда Бішкекте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмнің қайырымдылық көрсетілімі өтетінін хабарлады. Түскен қаражат Әселге алдағы операциялар үшін беріледі.

Айта кетейік, 36 жастағы қырғызстандық Әсел Ногойбаева бұрынғы күйеуінің үнемі ұрып-соғуының салдарынан ажырасып кеткен болатын. Ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуі Әселді үйінде, жұмыс орнында, қоғамдық орындарда күтіп алып, ұрып-соғуын жалғастырған. Әселдің айтуынша, отбасы бірнеше рет полицияға хабарласқан, бірақ нәтиже болмаған. 

21 қыркүйекте Әсел Ноғойбаева пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. Бұрынғы күйеуі оның мұрны мен құлағын кесіп тастаған. Әселдің кәмелетке толмаған ұлдарының бірі қылмыстың куәсі болған. 

Аталған факті Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 130-бабы «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша тіркелді. Оның бұрынғы күйеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.