«Асыл тұқымды емес, қарапайым жылқы». Ақтөбедегі ат спорты мектебінде дау-дамай болды
- kyn.kz
- 27 қазан, 2023
- 1.8k
Тексеру жүргізген мемлекеттік аудиторлар тендермен сатып алған тұлпарлардың түрі сұраныстағы сипатқа сәйкес келмейді дейді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Онымен қоса спорт мектебіндегі төрт түліктің жем-шөбін жеткізуге тендерді сол білім ошағы есепшісінің анасы ұтып алған. Директор бұған көз жұма қарапты. Ақтөбедегі ат спорты мектебі көкпаршыларға былтыр 13 жылқы сатып алған. Барлығы бесті айғырлар. Оған л қазынадан 35 миллион теңге бөлініпті. Тендер жарияларда жылқының асыл тұқымды болуы шарт екені анық көрсетілген. Бірақ сатып алар кезде ат спорты мектебінің басшылары тұқымына мүлдем мән бермеген.
“Сатып алынған жылқылардың асыл тұқымы туралы паспорттарының жоқ екені анықталды. Яғни мемлекеттік сатып алу жүргізу техникалық ерекшелігіне сәйкес келмейтін тауар сатып алғаны анықталды. Жалпы сомасы 35 миллион 300 мың теңгеге сатып алғаны анықталды”,-дейді Сәкен Қасымов, Ақтөбе облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы.
Тендер ұтқандар сегіз жылқының әр басын екі жарым миллионнан, қалған бесеуін үш миллионнан бағалаған. Ат спорты мектебіндегілер қазынаның ешбір ақшасын жырып қалмадық деп ант-су ішіп отыр. Тек техникалық сипаттамада асыл тұқымды атты айтып, сұранысты әдейі асырғанын жасырмайды. Себебі көкпарға ойын аты қажет. Тұқымы туралы айтпасақ, күнделікті мініс аттары мен жабысын да жетектеп келетіндер көп деп ақталады.
“Асыл тұқымды деп сипаттамасында жазғанда, қазір мына аттардың ішіне әртүрлі ат алып келеді. Жабыны да алып келеді. Ол сондай төмен болмасын деп айтқан ғой. Ол қазір асыл тұқымды дегенде, бәрінің де нелері болуы керек. Бізде, Қазақстанда ондай не жоқ. Ешкімге несі берілмейді, паспорттары. Ол өте қымбат ат қой”,-дейді Абат Аймағанбетов, Ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.
Ең қызығы, спорт мектебіндегі жылқылардың жем-шөбін жеткізуге тендерді бірнеше жылдан бері сол білім ошағы есепшісінің анасы жеңіп келген. Ол 75 миллион теңгеге жуық қаражатқа 26 рет келісімшарт жасапты. Жақынын тендерге жолатқаны үшін есепші мен сол мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі тек ескертумен құтылған. Мемлекеттік аудиторлар күмән келтірген 13 аттың екеуі бір жылға жетпей өліп қалған. Ветеринарлық сараптама істеп, өлексесін әкімшілік хаттама толтырған соң көзін жойдық деп отыр. Сондай-ақ спорт мектебіндегілер балалар жаттығуына әлі де тұлпар жетпейтінін айтады. Сондықтан алдағы күндері тағы он шақты атты сатып алуға тендер жариялауы әбден мүмкін.