Шахтадағы апаттан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы анықталды
Зардап шеккендердің 24-і ауруханаға жатқызылды
Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Костенко атындағы шахтада болған жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы жайлы айтты, дейді KYN.KZ.
"28 зардап шегуші Қарағанды, Абай, Шахтинск қалаларындағы аурухананың жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Зардап шеккендердің 24-і ауруханаға жатқызылды. Жеңіл және орташа улы газбен уланған 20 науқас Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикология бөлімінде жатыр.
Науқастардың жағдайы нашарлаған жоқ. Детоксикация және симптоматикалық ем жүргізіледі. Қабырғасы сынған бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, нашарлаған жоқ, есін біледі", - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Сонымен қатар Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметінше, бір науқас травматология бөлімінде жатыр. Улы газбен уланған екі адам Шахтинск қаласының орталық ауруханасының терапия бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесіне жақын.
Тағы төрт зардап шегуші қабылдау-диагностикалық бөлім деңгейінде тексеріліп, амбулаторлық емдеуге жіберілген.