Қоғам

Дағыстанда ондаған адам әуежай аумағына басып кіріп, ұшақты қоршап алды: 10 адам зардап шекті

Зардап шеккендердің арасында полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар бар

Жексенбі, 29 қазанда Махачкала әуежайының аумағында адамдар Израильге қарсы наразылық акциясын ұйымдастырып, Тель-Авивтен ұшып келген ұшақты қоршауға алған, дейді KYN.KZ.

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Тель-Авивтен Red Wings әуе компаниясының ұшағы келіп қонған соң бір топ адам Махачкала әуежайының ұшу-қону жолағына шығып кеткен. Желі қолданушыларының жазуынша, болжам бойынша олар Израиль ұшып келген азаматтарды іздеген.

РБК хабарлауынша, әуежай аумағына баса көктеп кіргендер ұшақты қоршап алған, кейін оқиға орнына арнайы жасақ жеткен. 

Бұл жайттан кейін Ресей Федерациясының Тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ресей Ішкі істер министрлігінің Солтүстік Кавказ федералды округі бойынша басқармасы Махачкала әуежайындағы тәртіпсіздікке қатысушының барлығы ұсталып, жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Бұл ретте Росавиация өзінің Telegram-арнасында Махачкала әуежайының 6 қарашаға дейін жабылатынын хабарлады. Барлық рейс резервтік аэродромдарға немесе басқа қалаларға ауыстырылды. Кейін Дағыстан Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-дағы арнасы арнасы оқиға салдарынан 10 адамның зардап шеккенін хабарлады.

"Зардап шеккендердің арасында полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар да бар. Олардың жағдайы орташа және ауыр. Ал екі адамның жағдайы өте ауыр", - делінген ведомство хабарламасында. Ведомство мәліметінше, тағы 10 адам медициналық көмекке жүгінген, бірақ ауруханаға жатудан бас тартқан.