Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысы алдында қаза тапқан кеншілерді еске алуға бір минут үнсіздік жариялады
Әлихан Смайылов қаза тапқандардың жақындарына қайғыра көңіл айтты
Бүгін, 31 қазанда үкімет отырысы Қарағанды облысында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіз еске алумен басталды, дейді KYN.KZ.
«Қарағандыда болған «Костенко» шахтадағы жағдайдан бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, шахтада жарылыс болып, кеншілер қаза тауып, зардап шекті. Қаншама адамның өмірін қиған апат қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Үкіметтің және жеке өз басымнан қара жамылған отбасыларға көңіл айтамын. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын», - деді Смайылов.
Еске салсақ, «Костенко» шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Премьер-министр олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастағанын, мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырып келе жатқанын айтты. "Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, “АрселорМиттал Теміртау” компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында", — деді үкімет басшысы.
Оның айтуынша, арнайы комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады. "Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды", — деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.