Спорт

Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған каратэшілер елге оралды (фото)

Спортшылар ел қоржынына үш медаль салды

Мажарстанда каратэден өткен әлем біріншілігінде жүлделі орын иеленген спортшылар елге оралды. Ел қоржынына үш медаль салған отандастарымызды спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері, жанкүйерлері мен туыстары күтіп алды, деп хабарлайды KYN.KZ.

Будапештегі WKF каратэден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қоланы иеленіп, жалпы есепте жарысты 5-орынмен аяқтады. Аталмыш жарыста отандасымыз Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) тарихи жетістікке қол жеткізді. Спортшы ел қоржынына ересектер арасындағы алғашқы алтын медаль салды. 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қайсар Алпысбай күміс жүлде, Дидар Әмірәлі (67 келі) қола медаль еншіледі. Каратэшілерді күтіп алу шарасынада спортты дамыту дирекциясы директорының міндетін уақытша атқарушы Азамат Имашев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. "Әлем чемпионатына қатысқан спортшыларымыз жарқын жеңіспен қуантып жатыр. Мінекей, жеңімпаз мен жүлдегерлерді қарсы алып отырмыз. Каратэшілеріміз әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Олар кезекті рет өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Алда тағы да жарыс жолына шығатын спортшыларымыз бар. Отандастарымызға сәттілік тілейміз!", - деді Азамат Имашев.