"Келінім тек брендтен киінеді": Гүлзира Айдарбекова құдалықта неге сандық ашқанын айтты
Продюсер дәстүрге жаңашылдық енгізгісі келген
Қазақ сахнасында жүрген Нұртас пен Гүлзира Айдарбековтер әулетіне келін түсті. Олар кенже ұлдары Заңғарды үйлендіріп, құдалық тойын өткізді, дейді KYN.KZ.
Құдалық тойын өткізіп, екі әулет бір-біріне жөн-жоралғы мен сый-сыяпатын табыстады.
“Осы келінімізден тек жақсылық, құт-береке күтемін. Баламның әкесін, бауырларын сыйлап, құрметтесе деймін. Қолымыздан келгенше өз отбасындай болуға тырысамыз. “Босаға аттаған шаңырақ – өмірлік үйім” деген ниетпен келсе деп үміттенемін. Заңғар кенже ұл болғандықтан, әбден шашылғанымыз рас. Дүние мен ақшаның орны толады. Ең бастысы – ұрпақ сүйіп, берекелі шаңырақ құру.
Құдаларымызға да ең қымбат сыйлықтарды табыстадық. Риза болып, рақмет айтып жатыр. Сонымен бірге болашақ келініме де бір сандық сыйлық ала келдім. Өзімнің аналық махаббатымнан туған идея болатын. Негізі қыздың анасы әкелетін салт қой бұл. Бірақ дәстүрге жаңашылдық енгізгім келді”, – дейді продюсер.
Гүлзира Үсенқызы жеке парақшасында қай киімнің қайдан алғанын жеке-жеке айтып берді.
“Заңғар үйленемін дегеннен кейін, бірден құдалыққа дайындалдық. Дубайдан бастап, Европаны шарлап ең тәуір дүниелерді сатып алдық. Келінім қымбат брендттен ғана киінетін болады. Мысалы, Дубайдан бренд туфлиін сатып алдым. Италиядан сөмкесін алдық. Жастардың стилін де ескеріп, соңғы үлгідегі сырт киімдерін де ұмытпадым. Қазақта “есік көрсету” деген салт бар.
Тіпті, соған киетін көйлектеріне дейін алып келдім. Өзім секілді патшайым болып жүрсін деген ниетпен асыл тастармен көмкерген көйлек тіктірдім, бірақ оның салмағы 5 келі болады. Киіп жүру де оңай емес”, – дейді жаңа статусқа ие болып жатқан Гүлзира ханым.
Жас жұбайларға бақыт тілеп жатқан оқырман қарасы көп.