Қоғам

Қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрім суицид жасамақ болған

Президент пен құзырлы органдардың назарын аудару үшін істеген

Бұл туралы ол Тоқаевқа жазған ашық хатында баяндаған. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін бірнеше рет аштық жариялап, қолын кессе де биліктің назарын өзіне аударта алмаған, дейді KYN.KZ.

“22.06.2023ж. күннен бері заңда көрсетілгендей тұрғылықты мекен-жайым бойынша емес, Талдықорғандағы №77 (ТИ-16) мекемесінде заңсыз қамауда отырмын. Бірнеше рет аштық жарияладым, қолымды кестім. Бірақ страус тұрысын ұстанған тоталитарлы жүйенің назарын аудара алмадым”,– дейді журналист.

Думан Мұхамедкәрім хатында өзі қамауда отырған Талдықорғандағы N71 мекемесі мен бұған дейін қамауда болған Алматы облысындағы Талғар және Есік қаласы мен Іле ауданындағы уақытша оқшаулау мекемелеріндегі тамақ, жатар орын, дәретхана, душ мәселелерін қозғаған. Ол қамаудағы адамдарды былай қойып, сол жерде күзет болып істейтін қызметкерлердің өзі адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтады.

“Мен отырған үш уақытша оқшалау мекемесінде әжетхана да, душ та бар. Ә, ия бұл зындандарда тіпті кір жуатын машиналарды қойып  қойған екен. Обалы не?! «Кір жуамын немесе өзім жуынамын» десең, аптасына бір-екі рет апарып тұрады. Бірақ шыққанда жуған киіміңнен де, ысқылап жуған денеңнен де қи сасып тұрады. Малдың қиы болса көрім дерсің. Адамның нәжісі үстіңнен де, киіміңнен де мүңкіп шығып тұрады. Өйткені кір жуатын машина қызметкерлерге (түрме қызметкерлері) арналған әжетхана мен душ бір бөлмеде орналасқан. Су кететін кәріздік құбырлары бір жүйеге жалғанған. Ол-ол ма? Гений сантехниктер камералардағы қол жуғыш құбырларын тікелей унитазға жалғапты. Бәлкім олар: «Бәрі бір құбырға ағады емес пе?!»- деп ойласа керек. Осы оңтайлы шешімнің арқасында бүкіл қол жуғыш және бүкіл камера боқ-сідік сасып тұрады”,– делінген хатта.

Еске салайық, Думан Мұхамедкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.