Мәдениет

Елімізде «QosLike» және «Қалаулым» сияқты бағдарламаларға тыйым салу туралы петиция жарияланды

Авторлар бағдарламаларды ұлттық мәдениетке қайшы деп санайды

Елімізде «QosLike» және «Қалаулым» сияқты бағдарламаларға тыйым салу туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ.

Петицияда хайп пен бағдарламаның рейтингін арттыру үшін қолдан жасалатын жанжалдардың және басқа да келеңсіз әрекеттердің көріністері жиналған жағымсыз эмоцияларды күшейтетіні айтылған.

«Бұл шоулар қазақ отбасының салауатты қарым-қатынасының нормаларына, қоғамға сіңіруге тырысып жатқан адамгершілік пен құндылықтарға қайшы келеді.

Атаулы жобаларда тәрбиелік, тағылымды, мағыналық, отансүйгіштік, адамгершілікті арттыратын, игі, жағымды идеялар, мақсаттар мен құралдар жоқ», - делінген хабарламада.

Автор мұндай шоулардың Түркиядан шыққанын, бірақ ол жақта тыйым салынғанын айтты.

«Бағдарламаларда жастардың жаман мінез-құлқы мен дөрекі сөздер жиі көрсетілгендіктен, Түркияда оны ұятсыз және ұлттық мәдениетке қайшы деп санады.

Сондықтан телевизиялық кеңістік барлық азаматтар үшін пайдалы және шабыттандыратын болуы керек. Осы себептермен мұндай азғын, келеңсіз жобаларды үзілді-кесілді жабуды талап етеміз», - деді петицияны жариялағандар.