Күзетшісі оқушы қызды зорлай жаздаған мектеп директоры жұмыстан кетті
62 жастағы ер адам қазір қамауда отыр
Алматыда оқушы қызды күзетшісі зорлай жаздаған мектептің директоры жұмыстан қуылды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қауіпсіздікке жауапты қызметкері істі боп жатқан білім ошағына қатысты мәлімдемені оқу-ағарту министрі айтты.
Алматыдағы №160 мектептегі сұмдық оқиға күні кеше мәлім болған. 6-сынып оқушысы өткен сенбіде құрбысының өтінішімен құжат алып кету үшін білім ошағына барыпты. Жай ғана қағаздарды беруі керек болған мектеп күзетшісі жасөспірім қызды құшақтап, қуысқа сүйрелей кетеді. Ата сақалы аузына түскенде оғаш қылық танытқан 62 жастағы ер адам қазір қамауда отыр. Қылмыстық іс қозғалды. Осы оқиғадан өре түрегелген ата-аналар мектеп директорының да жұмыстан кетуін талап еткен. Көпке созбай, бүгін оқу-ағарту министрлігі басшының жұмыстан қуылғанын жеткізді.
“Тиісті шаралар қолға алынды. Аталған білім беру ұйымының басшысы қызметінен қуылды. Білім басқармасы тарапынан тиісті шара қабылданды, тергеу жүріп жатыр. Осындай деректер туралы естісек, балалардың құқығын қорғау комитеті шұғыл оқиға орнына барып, басқа мемлекеттік органдармен тергеуге қатысады және сол мәселені тұрақты бақылауда ұстайды”,-дейді Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі.