Ағайынды Назарбаевтардың аурухана алдына жиналған суреті тарады (фото)
- автор kyn.kz
- 6 қараша, 2023
- 4.1k
Назарбаевтар әулеті ауруханаға жиналып, Болат Назарбаевқа қолдау көрсеткен сәттен желіде фото тарады, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Бұл туралы желідегі парақшасында жазушы Бейбіт Сапарәлі жазған.
Жазба бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға денсаулығы сыр беріп жатқан інісіне барған. Олардың қасында қаңтар оқиғасына қатысты тергеліп жатқан Әнипа апа мен немере інісі Самат Әбіш бар. Фотосуреттің нақты күні белгісіз.
“Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” дегендейін, жаңа ай мен жаңа аптадан көп жақсылықтар, ырыс-береке күтейік! Сөйте тұра өткен апта соңында ел ішін елең еткізген экс-Президент отбасына байланысты шұғыл жағдайға орай өз жеке көзқарасымызды көпшілік оқырман назарына ұсынайық. Бізге жеткен сенімді ақпарат дерегі бойынша үстіміздегі 2023 жылғы қыркүйек айының басында Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға жеке жұмыстарымен келіп, бірнеше кездесулер өткізіп, артынша туған ауылын, туып-өскен қара шаңырағын, Үшқоңыр жайлауын, ата-бабалар жерленген қорымын зиярат еткен екен. Шамалған-Үшқоңырдағы қара шаңырақ үйіне етжақын туыстарын жинап, көптен бері көріспеген іні-қарындас, келіндерімен бір дастархан басында сұхбат құрып, қордаланып қалған ішкі әулеттік мәселелер бойынша ашық пікір алмасқан. Ескертпе мен өкпе-реніштерін де жасырмаған. Басқосу соңында Әбіш әкелері бір ғасырдай уақыт бұрында аулаға өз қолымен еккен, қазіргі таңда есік алдында жайқалып өсіп тұрған зәулім емен ағашының жанында тұрып Нұрағаңның мақұлдауымен барлығы естелікке суретке түскен”, деп жазды ол.
Сондай-ақ, жазушы Болат Назарбаевтың ауыр хәлде екенін жазды.
“Екі жылдан астам уақыт бойы мүлдем сөйлеуден қалып, өз аяғымен жүре алмағандықтан сал болып қол арбаға таңылған, “ауру адам ашушаң, тырысқақ келеді” деп сәл нәрсеге көңілі қалып бұлқан-талқан күй кешетін Болат Әбішұлына қоштасар сәтте сауығып кет деп барлығы да сол жерде жақсы дұға-тілектерін жаудырған. Содан берідегі екі ай ішінде өз еліміз ғана емес, бүкіл әлемде саяси ахуал қатты ушығып, әр-әр тұстан қарулы қақтығыстар мен соғыс өрті тұтанып кетті. Қандай ерекше күтім, ем-дом шараларын қолданып баққанмен жетпіс жастағы Болат Әбішұлының денсаулығы күн санап күрт нашарлай беріп, күні кеше өте ауыр халде Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көмегімен жансақтау бөліміне жеткізілген. Әлбетте, мәңгілік өмір сүретін еш пенде жоқ. Жалған ғұмыр шолтаң етіп өте шықпақшы. Жан тапсыру, тәннен рухтың шығуы да мейлінше қиын үрдіс. Тозаңның салмағындай жақсы және жаман істерің таразыға тартылатын мәңгілік ақырет әлемі барша құдайдың құлдарын алда байыппен күтіп тұр. Қабір сұрауы, қабір азабы, қабірдегі жәннати хал біле-білсек бар пендеге тым жақын”,- деп жазды Бейбіт Сапаралы.
Сонымен қатар, ол 2019 жылғы сайлаудан кейін, әсіресе 2022 жылғы қаңтар қасыретінен соң Назарбай әулетіне қаратылған сын пікірлер мен сұраулар тым көбейіп кеткенін айтады. Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Балташ Тұрсынбаев, Амангелді Шабдарбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бердібек Сапарбаев, Әкежан Қажыгелдин, Әлнұр Мұсаев, Нартай Дүтпаев, Әділ Шаяхметов, Жақсыбек Күлекеев, Серік Әбдірахманов, Әлихан Байменов, Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ғазиз Алдамжаров, Аслан Мусин, Оралбай Әбдікәрімов, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Виктор Храпунов, Жақсыбек Бәзілбаев және т.б. қайраткерлер ашық сұхбат алаңына шығып, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылындағы сан қилы оқиғаларға өз тұрғысынан баға беріп жатқанымен, әділ де толымды жауапты қалың қауым әлі де өзгелерден асыға күтумен болғанын жазды.
“Бұл орайда алдағы уақытта Нұртай Әбіқаев, Асқар Құлыбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Болат Өтемұратов, Әділбек Жақсыбеков, Ахметжан Есимов, Махмұд Қасымбек, Дәриға Назарбаева, Тайыр Мансұров, Қайрат Мәми, Тимур Құлыбаев, Кәрім Мәсімов, Мұхтар Алтынбаев, Даниал Ахметов, Төлеутай Сүлейменов, Берлин Иришев, Бақытжан Сағынтаев, Серік Үмбетов, Сағымбек Тұрсынов, Шалбай Құлмаханов, Өмірзақ Шүкееев, Ораз Жандосов, Марат Тәжин, Алтыншаш Жағанова, Бірғаным Әйтімова, Бақыт Оспанов, Сиязбек Мұқашев, Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Алик Шпекбаев, Амандық Баталов және т.б. айтылмай қалған тұлғалар бірнеше сағаттап ашық сұхбат беріп, бүкпесіз өз ойларымен, дәлелді байламдарымен пікір бөліседі деп үміттенеміз. Неғұрлым пікір алуандығы болса, соғұрлым өткендегі тарихи оқиғаларды бағалауға тура жол ашылмақшы”, деп жазды.
Жазушы “көрінбей” кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың кітап жазу үстінде екенін де айта кетті.
“Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы бірнеше жыл ішінде ғұмырнамалық қомақты кітап жазу үстінде екендігінен хабарымыз бар. Жақын арада ол еңбек жарық көретін болса көпшілікті толғантып жүрген бірқанша сұрауларға нақты жауап аламыз ба деген үкілі үмітіміз де жоқ емес. Мемуарды оқыған соң сұраулар мен сын пікірлер де қардай борайтыны ақиқат. Жасы ұлғайғанына қарамай ол өткір сауалдарға да ілкімділікпен жауап беретін болса көптеген ақтаңдақ мәселелер құпиясы жарияға шығып, келер ұрпаққа айқын бағдаршы болар еді. Міне, сонан соң Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ және орыс тілдерінде кең ауқымда ашық сұхбаттар беретін болса, ел басқаруға бел шеше кіріскен келесі ұрпақ буынына тарихи сабақтың жұмбақ қатпарлары және ашыла түспектігіне берік сенім бар”,- деп қорытындылады.