Танымал актриса Гүлнар Байбосынова 47 жасында босанғанын айтты
Өнер иесі ортада бала болмаған соң екіге кеткендерін жеткізді
Танымал актриса Гүлнар Байбосынова "Жұлдызды шаңырақта" бағдарламасында жеке өмірі туралы айтты, - деп хабарлайды KYN.KZ.
Өнер иесінің cөзінше, 47 жасында ЭКО арқылы босанған.
"47 жасымда дүниеге әкелдім. Оған себепші ата-анам болды. Мен жүре беріппін. 90-жылдары бәрі базарға шығып кетті, саудамен айналысты. Біз де соған кірісіп кеттік. Көзді ашып-жұмғанша 15 жыл зыр етіп өтіп кеткен. Арасында сіңілімді ұзаттық, оған пәтер алдық, үнемі жүгіріс болды, өзімді ұмытып кеткенмін ғой. Қарасам 2010 жыл келе жатыр. Ол кезде 47-ге келіп жаттым.
Анашым келіп, "балам-ау, жиендерің бар, уайымдамайсың, бірақ өзіңнің ішіңнен шыққандай болмайды ғой. Медицина дамып жатыр, ЭКО деген бар, сен де барып көрерсің?! Әкең уайымдап жатыр" деді. "Жарайды" деп дәрігерлерге бардым. Олар "кішкене ғана кешіккенде мүлде болмас еді" деді. 47 жасымда Жәңгірханды ЭКО-мен дүниеге әкелдім", - деді актриса.
Гүлнар Байбосынова жастық шағында тұрмысқа шыққанын, алайда ортада бала болмаған соң екіге кеткендерін де айтты.
"Жақсы жігітке тұрмысқа шықтым. Екі-үш жыл екеуміз бақытты болдық. Бала болмағаннан кейін комплекс пайда болды, өзімді өзім жеп қойдым. Болмағаннан кейін ажырасып кеттік. Одан кейін тұрмысқа шықпағанмын", - дейді ол.