Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астана күні: Масайып алатындарға гала-концертті үйден көруге кеңес берілді

Астана күні: Масайып алатындарға гала-концертті үйден көруге кеңес берілді
ашық дереккөз
Қалалық полицейлер мереке күні қоғамдық тәртіпті бұзатындарды қатаң жазалайтын болады
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда. 6 шілде күні «Қазақ елі» монументінің алаңында - гала-концерт, Бейбітшілік және келісім сарайының маңында мерекелік отшашу болады. Осы орайда, қалалық ІІД жиналатын жұртшылықты қауіпсіздік шаралары туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық тұрғындар мен қонақтар нақ осы гала-концертті тамашалағысы келеді. Бұл жерлерде белгілі бір қауіпсіздік шараларын сақтау абзал. Бірінші кезекте бұл бағалы заттарға қатысты. Жастар, қарт адамдар мұндай жерлерде өте көп адам - 50-60 мың халық жиналатынын ескермейді. Қыспақ болады. Криминалдық тұлғалар мұны пайдаланып, бағалы заттарыңызды - ұялы телефон, құжат, гаджеттер мен қараусыз қалдырылған сөмкелеріңізді білдіртпей алып кетуі мүмкін. Кейбір келушілер үшін мұндай концерттердің соңы өкінішке алып келеді», - деді Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сабыр Жүсіпбеков әкімдікте өткен брифингте. Оның атап өтуінше, гала-концертті келіп тамашалау міндетті емес. Себебі сол әртістер өзге де алаңдарда өнер көрсетеді. «Барлық мерекелік алаңдарда ортақ сценарий бойынша бір ғана әртістер өнер көрсетеді. Бір алаңнан кейін екіншісіне барады, кейін үшінші, төртінші және бесіншісіне кетеді», - деді ол. Сондай-ақ ІІД өкілі мұндай концерттерге балалармен келмеуге кеңес берді. Бұған дейін өткен Open Air шарасында 30 бала жоғалып кеткен. Айта кетейік, полицейлер гала-концертке келушілерді тексеріп өткізетін болады. Көрерменге тыйым салынған заттарды, пиротехниканы, алкогольді ішімдікті, шыны және металл ыдыстағы өнімді алып өтуге, әншілер өнер көрсететін орындарға заттарды лақтыруға, ішімдік ішуге немесе мас күйінде келуге, қоршауларға, жарық беретін құрылғыларға, ағаштар мен шатырларға және басқа да  адамдар тұруға арналмаған ғимараттарға мінуге тыйым салынады. «Өтініп сұрайтынымыз, егер алкогольді ішкен болсаңыз, концертті үйде теледидардан тамашалаңыз. Мұндай шараларға барудан бас тартыңыз», - деп кеңес берді С.Жүсіпов. Сонымен қатар, «Қазақ елі» монументі алаңында гала-концерттің өтуіне байланысты Ш. Қалдаяқов көшесі мен А. Байтұрсынов көшесіне дейінгі Тәуелсіздік даңғылында көлік қозғалысы шектелетін болады. Осыған байланысты ІІД автокөліктерді алдын ала арнайы бөлінген орындарға қоюды ұсынды. «Жеке көлігімен келетін көрермендер өздеріне ыңғайсыздық тудырмауы үшін көліктерін арнайы белгіленген орындарға қоюын сұраймыз. Ол Әзірет Сұлтан мешітінің және Триатлон парк автотұрақтары», - деді С.Жүсіпбеков. Мереке күндері 3,5 мыңнан астам полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 1,6 мыңға жуық әскери қызметшілері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін болады. Гала-концерт 6 шілде күні сағат 20.00-де Бейбітшілік және келісім сарайының алдында басталады. Ол аяқталысымен Астананың 20 жылдығына орай үлкен отшашу болады.    
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар