Қоғам

«Арселор Миттал Теміртаудың» жаңа басшысы келіссөздерден соң халық алдына шығады

Үкімет әзірге таңдалған инвестордың атын жарияламады

Белгілісі, жаңа қожайын билік қойған талаппен келісіп отыр. Бірақ «Форбс» тізімінен түспейтін бай-бағыландар «Арселор Миттал Теміртауды» жекелей сатып алуға қауқарсыз деп санайды кейбір сарапшылар, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Үкімет таңдауы түскен инвестор Ұлттық қордан қарызға ақша сұрауы да мүмкін деген пайымда. Сонымен жылына 200 млрд теңге кіріс әкелетін компания кімге бұйырады? «Арселор Миттал Теміртау» Үкіметтің қолына өтетіні белгілі болғаннан бері алпауыт компанияның жаңа иесі кім болар екен деп, елдің ойы сан-саққа жүгірді. 

Үкіметтегілер де инвестордың есімі белгілі, бірақ оны әзір атамаймыз деп отыр. Дегенмен ел аузында "Арселор Миттал Теміртауды" Турлов, Машкеевич, я болмаса Құлыбаев еншілейді деген қаңқу сөз желдей есті.

“Қазақстанның ең табысты ірі кәсіпорынын алатын болсақ, олардың ішінде жалпы металл, кен өндірісімен байланысы үш кәсіпкерді айта аламыз. Олар бірінші орындағы Владимир Ким, Эдуард Огай және Олег Новочев. Бірақ бұлардың бәрі қара темір емес, мыс және өзге де металл өндірісімен айналысқан. Дегенмен сала тұрғысында бірбірімен жақын боғланнан кейін, болжам ретіндегі субъективті пікірім, осы кісілердің біреуі кәсіпорынның болашағына араласуы мүмкін”,-дейді Қуанышбек Дүйсенов, экономист.

Байлар десе, «Форбс» тізіміндегі ат төбеліндей олигархтар еске түседі. Қазір оның көшін бастап тұрған Вячеслав Ким, Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Владимир Ким. Бестікті Тимур Турлов түйіндейді. Бірақ қанша жерден дәулеті асып-тасып тұрғанымен, "Арселор Миттал Теміртаудың" жыртығын жамауға қауқарлы емес дейді сарапшылар. Естеріңізде болса, таяуда ғана Үкімет басшысы компанияны иемденетін инвестордың үш жыл көлемінде 3 млрд доллар салуға жағдайы болуы керек екенін айтқан. Және оның тең жартысын бірден құюы керек.

“ Дайын ақша деп отырғаны, ол кәдімгі қолға ұстауға болатын, көзге көрініп тұрған ақша. Біздің олигархтарымыз туралы миллиардтаған байлығы бар деп айтып жатады ғой, ол компаниялардағы үлестері. Оның, мәселен, жылдық табыстағы үлесі болуы мүмкін. Бірақ Үкімет айтып отырған 1,5 млрд доллар қаражат ешкімде жоқ. Егер олар өз акцияларын сатуға жанталасатын болса, оның да арты жақсылық емес. 99 пайызға сенімдімін. Отандық инвестор Ұлттық қордан қарызға ақша сұрауы ғажап емес”,-дейді Расул Рысмамбетов, экономист.

Оның үстіне Лакшми Миттал түйіншектерін буып-түйіп біржола кеткеннен кейін кәсіпорын жұмысын ұзақ уақытқа тоқтатып қою қып-қызыл шығын. Бірақ премьер-министр өткен аптада ғана «Арселор Миттал Теміртауды» сатып алуға бюджет ақшасынан көк тиын да алмаймыз деген. Бүгін де ұлттық экономика министрі Ұлттық қорға тиіспейміз деп сендірді.

“Осындай болжамдар жоқ. Естіген жоқпын. Енді нақты сұрақтарыңыз болса, құзіретті министрлікке жолдаңыз”,-деді Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі.

Депутаттар да елдің келешегі үшін сары майдай сақтап отырған Ұлттық қордағы қаражатты оңды-солды жұмсауға түбегейлі қарсы. 

“Біз өткенде заң қабылдадық қой, сол Ұттық қордың бір бөлігін 18-ге толған жастарға ақшадан аударып отырамыз деп. Бұл көрінген жерге ақша жұмсап азайтпауымыз керек. Ол президенттің тапсырмасы, Ұлттық қорға қол сала бермеңдер деген. Егер осындай мәселе туындап жатса, мен өз басым, депутат ретінде қарсы боламын. Қарсы дауыс беремін. Ол дұрыс емес”.-деді Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты.

Соңғы төрт жылдағы ресми мәліметтер бойынша «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған. Аз ақша емес. Митталдың орнына келетін инвестор өзінің ғана мұртын майлап қоймай, жұмыскерлерінің де жағдайын жайлап қоюы басты міндет. Дегенмен алпауыт компанияның жаңа қожайыны келіссөздер аяқталған соң ғана ел алдына шығады. Бастысы, билік қойған талаптармен келісіп, қордаланаған әлеуметтік мәселелер, қызметкерлердің қауіпсіздігі, одан қалды экологиялық проблемаларды да шешуге уәде беріпті.