«Көліктен өлі табылған»: Екібастұзда полицейдің тырнағының астынан белгісіз үш ер адамның ДНҚ қоспалары табылды
Оқиғадан кейін «өз-өзіне қол жұмсау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды
Екібастұзда үш жыл бұрын жұмбақ жағдайда көз жұмған полиция қызметкерінің туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді, деп хабарлады KYN.KZ тілшісі «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Олар Самат Исеновты өлтіріп кетті деп отыр. Себебі, марқұм өмірге құштар, балажанды адам болған еді дейді. Қара жамылған отбасы қылмыстық іс тоқтатылып, кінәлілер жазадан құтылып кете ме қорқады.
Екібастұз қаласында полиция капитаны болған Самат Исеновтың мәйіті 2020 жылы қауіпсіздік белдігіне қылқынған күйі көліктің ішінен табылған болатын. Қайғылы оқиғадан кейін полиция «өз-өзіне қол жұмсау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірақ марқұмның жақындары «Самат суицид жасады» дегенге сенбейді. Өйткені қара жамылған отбасы қолымызда үш жыл бұрын жасалған сараптаманың қорытындысы бар деп отыр. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша марқұмның тырнағының астынан үш белгісіз ер адамның ДНҚ қоспалары табылды дейді.
«Балам қайғылы оқиға болардың алдында Алматыға іс-сапарға барып келген еді. Сонда әкесіне: «Онда Екібастұзда сенің мәселең қаралады» деп айтты деп келген. Бірақ біздің бұл айтқандарымыз тергеу дерегінде жоқ. Менің ойымша, ол тым көп нәрсені білді. Мен ұзақ жылдар медицина саласында жұмыс істедім. Мәйітханадағылар да маған ол өзі өлген жоқ. Оған біреулер көмектесті деді», - дейді марқұмның анасы Нұрлыгүл Исенова.
«Мен капитан шенін алдым деп қуанышымен бөліскен еді Самат. Көңіл-күйі де жақсы болды. Үш күннен кейін қайғылы жағдайды естідім. Ол өз-өзіне қол салуы мүмкін емес», - дейді көршісі Зәуреш Исамалинова.
Ұлымның қазасынан кейін 9 ай уақыт өткенде істің тоқтатылғаны туралы хабарлама алдым дейді анасы. Ал тәртіп сақшылары тергеу жалғасып, қосымша сараптамалардың тағайындалғанын айтады.
«Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігі бойынша жалғасып жатқанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта Астана қаласының сот сараптамалары институтына қосымша сот молекулалық-генетикалық сараптама тағайындалуына байланысты сотқа дейінгі тергеу мерзімдері үзілді», - дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова.
Самат Исеновтың жақындары тергеудің ашық әрі әділ жүргізілгенін қалайды.
Соңғы үш жылда Павлодар облысында полицейлердің өз-өзіне қол жұмсауының 3 фактісі тіркелген.