Қоғам

Бір топ мұғалім Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап етті

Мұғалімдер президент пен Мәжіліс төрағасына ашық хат жолдаған

Бір топ мұғалім президент пен Мәжіліс төрағасына ашық хат жолдап, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап етіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! «Халық түзелуінің үміті жастарда, сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», - деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бізді де алаңдататын сол жағдай.

Бүгінгі ұрпақ қалай тәрбиеленіп жатыр? Дарынды жастар  «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған соң ұстаздыққа бет бұрды. Еліміздің білім саласы пандемиядай қиын жағдай болса да, соңғы жылдары үздіксіз дамып келеді. Қазір білім-ғылымға бет бұрған жастардың да легі артуда. Бұл еліміздің болашағы үшін үлкен күш.

Бірақ соңғы тағайындалған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екендігін көрсетуде. Бұлай кете берсе еліміздің болашағы үшін аса маңызды сала - ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тіке қатысты сала оқу-ағарту ісіндегі соңғы жылдар жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді»,—делінген хатта.