Қоғам

Қазақстандық ұстаздар Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап етті

40-қа жақын ұстаз оны тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ деп отыр

Қазақстанның бір топ мұғалімі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ашық хат жазып, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап етті.

 

Ұстаздардың айтуынша, Оқу-ағарту министрі білім саласындағы оң өзгерістерге саботаж жасауда.

Авторлар Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болып келгеннен бері бүкіл министрлікті тазалап, айналасына өз адамдарын жинаған.

Ашық хатта келтірілген тағы бір дәйекке сүйенсек, Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен, мұғалімдердің құқығын қорғап, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенді мұғалімдердің үстінен министрліктің аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас прокуратураға шағым жазған.

Мұғалімдердің айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық  Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті жанындағы Әдеп кеңесінде мемлекеттік тілді қолдаған ашық хатқа азаматтық парызын орындап, қол қойғаны үшін жергілікті мұғалім Тілекқабыл Нұрышевтің мәселесі қаралған. Артынан жұмыстан шығарып, сот арқылы 250 000 теңге айыппұл  салған.  Айыппұл арқалаған қарапайым мұғалімнің қазіргі таңда айыппұлды төлей алмағаны үшін есепшоттарының бәрі бұғатталған.

Ал маусым айында Шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлының үстінен ОАМ аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым түсірсе, оны өмірде мүлдем танымайтын алматылық бір мектептің директоры «Ұлтаралық араздық қоздырды» деп, Шымкент қаласының Полиция Департаментіне арыз жазды. Абырой болғанда ІІМ де, Бас Прокуратура да, Шымкент қаласының Полиция Департаменті де дәлел болмаған соң қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Қазір Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы бір мектептің директорының орынбасары  сотқа беріп, сот жүріп жатыр.  Екеуі де ұстаздың әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты.

Сондай-ақ, Бейсембаев келгелі білім саласының, оның ішінде оқу-ағарту саласына, білім сапасын көтеру, материалдық техникалық база жұмыстарын реттейтін құжаттардың  шикі тұстары одан әрі шикілене түскенін айтады.

Хат соңында білім саласының жанашырлары Тоқаевтан Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап еткен.

Хатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінде шәкірт тәрбиелеп жүрген 40-қа жуық ұстаз қол қойған.

Дереккөзі:qazulysmedia.kz