Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев қайтыс болды
Болат Назарбаев 4 қарашада тағы бір мәрте инфаркт алып, ауруханаға жатқызылған еді.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қайтыс болды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Болат Назарбаев 4 қарашада қайталанған инфарктпен Алматының Орталық клиникалық ауруханасына жатқызылғаны хабарланған.
Соңғы бірнеше жылда Болат Назарбаев төсек тартып жатты. Бұған дейін дәрігерлер оған көмей ісігі деген диагноз қойған. Сондай-ақ, экс-президенттің інісі қант диабеті мен бүйрек жеткіліксіздігімен ауырған.
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Болат Назарбаевтың қайтыс болғанын растады.
"71-ге қараған шағында созылмалы ауырудың салдарынан Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Әбішұлы Назарбаев дүниеден озды", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.