Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ай сайын қанша жалақы алатынын айтты
Мәулен Әшімбаев басқа депутаттармен шамалас жалақы алады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жалақысы қанша екенін және елімізге екі палаталы парламент не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Менің жалақым депутаттардың айлығымен деңгейлес. Сәл көбірек (1 млн теңгеден – автор)", - деді Әшімбаев сенат кулуарында.
Спикер Қазақстанға сенат не үшін қажет екенін түсіндірді. Әшімбаев үш себебін атады.
"Біріншіден, сенат – өңірлердің мүддесін қорғайтын палата. Біздің еліміз бұл Астана мен Алматы ғана емес, бізде проблемасы өте көп өңірлер бар.
Міне, сенат осымен айналысады. Екінші себебі – көптеген заң миллиондаған адамның тағдырын айқындайды, сондықтан оларды мұқият талдап барып әзірлеу қажет. Бұл жағдайда екі палаталы парламент тиімдірек жұмыс істейді: мәжілістің байқамай қалған не өткізіп алған дүниелерін біз мында көріп, жетілдіреміз, сөйтіп толығымен келісілген құжат қабылдаймыз", - деп атап өтті ол.
Ал үшінші себебі, Әшімбаевтың айтуынша, елдегі бүкіл саяси құрылымның теңгерімі тұрғысынан сенат өте маңызды рөл атқарады.