Қоғам

Петропавлда "Ұлттық ұлан" сарбазына оқ тиіп қаза тапты

38 жастағы сарбазды қаруласы байқаусызда атып өлтірген

Петропавлда "Ұлттық ұлан" әскери қызметкерінің өлімі тергелуде, дейді KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Кеше "Бүркіт" арнайы жасағының сарбазы оқ тиіп қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Телеарна мәліметінше, тергеушілер 38 жастағы сержантты қаруласы байқаусызда атып өлтіргенін айтты. Қайғылы жағдай кеше болған. Кейбір ақпарат көздері қайғылы жағдай арнайы операция кезінде болған деп жазуда. 

Бірақ оны әзірге ешкім ресми растамады. Белгілі болғаны, 38 жастағы Виталий Чужиков 6637 әскери бөлімшесінде жүргізуші болып қызмет еткен. Тілші таратқан ақпарат бойынша, жараланған сарбазды әріптестері Петропавлдағы ауруханаға өздері жеткізген. Бірақ дәрігерлер оны ажалдан арашалап қала алмаған. Сержанттың өліміне кінәлі деген күдікті тергеуге алынған. 

“Қылмыстық кодекстің 462-бабы 2-бөлігіне қарасты қылмыстық іс басталды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сот сараптамалары тағайындалды. Қылмыстық процесуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша басқа ақпарат жария етілмейді", - деді Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Ержан Қасымжанов.