Басты жаңалықтар

"Соққыдан сол көзі түгел ағып кеткен": Қайрат Нүкенов марқұм қарындасы алған жарақаттарды тізбектеп берді

Қайрат Нүкенов: Мәйітті өз көзіммен көріп шықтым.Салтанат алған жарақаттардан тірі қалу мүмкін емес еді.

Қайрат Нүкенов экс-министр  Қуандық Бишімбаев қарындасын азаптап өлтіргеніне сенімді. Ол көпшілікке мәйіттен көрген жарақаттарды айтып берді. Сөзінше Салтанат алған соққылардан тірі қалу мүмкін емес еді. Ол тіпті қарындасының сол көзі толық ағып түскенін айтты, деп жазды KYN.KZ  тілшісі   

"Қарындасымның денесін алып келген кезде әйелдер жумай тұрып біз кіріп, фото, видео түсірілім жасап алдық. Салтанаттың бет-әлпетінде, денесінде қасақана жасалған  ауыр жарақат өте көп болды. Ондай таяқтаудан тірі қалу мүмкін емес. Бетінде соққыдан қалған көгеру ізі деп айтпас едім. Ол кәдімгі өлімді мақсат еткен аяусыз жарақаттар. Басында, бірнеше жарық, арқасында жарақаты терең тағы бір жарық болды.

Сол көзі толық ағып кеткен. Бишімбаев қарындасымды азаптап өлтірген. Мынандай жағдайды көргеннен кейін Қуандық Бишімбаев оны азаптап өлтіріп, өзі көміп тастауды немесе денені тығып қоюды жоспарлады деп ойлаймын. артынан өз қылмысын жасырып, ізін суытуы да мүмкін еді. Бұндай қатыгездік сау адамның қолынан келмейді. Бұл барып тұрған жауыздық. Ол осындай әрекеттерді жасап болып, қарындасымның өлгенін күтіп сол маңда тамақ жеп отырған.

Інісін көмекке шақырған. Екеуі қылмыстың ізін жасыру мақсатында видео жазбаны өшіреді, жамылғымен қарындасымды орап қояды. Адам өліп жатыр, олар екеуі басында тамақ жеп оның денесі мен қылмыс белгілерінен құтылу үшін не істеу керектігін ақылдасады. Інісі оның қасына таңғы 9:30-да келген. Жедел жәрдем мен полицияға кешкі 20:00 шамасында хабарласқан",-дейді  Қайрат Нүкенов.

Ол Салтанаттың телефонын туған ағасы үнемі қай жерде жүргенін бақылап отырғанын да айтты.

"Біздің әулетте барлығы бір -бірінің телефонын геолокация арқылы бақылауға қойған. Ол бүкіл әулеттің шешімі. Жастарымыз қайда, не істеп жүр көз қырын салу үшін. Сол сияқты Салтанаттың да телефонын бәріміз қайда жүргенін көре алатынбыз. Ол  алдын ала бір дүниені сезгендік емес. Отбасылық тәртіп солай.  Біз Қуандыққа имандай сендік. Оның ата-анасы қандай зиялы кісілер.

Өзі баршылық ортадан шыққан, оқыған білімді деп сыйлайтынбыз. Мұндай қатыгездік жайлы ойлауға мұршамыз, себебіміз болған емес. Өйткені Салтанат пен Қуандық айына бір рет Павлодарға келетін. Салтанаттың туған ағасы айына бір рет әйелімен Салтанат пен Қуандыққа келіп тұратын. Құдалармен сыйластығымыз жақсы еді. Осы оқиға болардан бір апта бұрын оларда қонақта болдық. Бәрі күліп-ойнап бақытты көрінді. Салтанат Қуандықтың балаларына мейірімін беріп, олармен жақындасып, кәдімгідей жақсы көріп қалған еді.

Жұмыс бойынша Қуандықтың өзін ұстауы нашар екенін естідім де көрдім де. Ақсу әкімі кезімде онымен жиналыстарға қатыстым. Адамның жасы мен жөніне қарамай балағат сөздер айтып, өзін өте дөрекі ұстайтын. Оны мен жұмыстағы мінезі деп ұқтым. Үй, отбасы деген бөлек дүние деп түсініп, жамандыққа қимайтынмын. Бірақ оған бала күнінен айналасы бағынып үйренген сияқты. Видеоны өшіруге тапсырма берген кезде өшіріп жатқан адам қылмыстың ізін жасырып жатқанын білді ғой. Бірақ қылмысқа баруға мәжбүрлесе де бағынды. Сондықтан ол айналасына бұйырып, дегенін істетіп үйренген деп ойлаймын",-дейді Қайрат Нүкенов.

Қарындасы Салтанат туралы айтқан кезде Қайрат Нүкенов оның әулетте орны бөлек еді деп еске алады.

"Біз әпке - қарындастарым, аға - інілеріммен тоғыз ағайындымыз. Осы тоғыздан тараған 20 шақты немере бар. Салтанат арамыздағы ең көңілді, бауырмал, ағайынның басын қосуды ұйымдастырғыш, өте мейірімді,ақ көңіл еді. Оның әкесі желтоқсаншы. Сол үшін қамалып та шыққан. Ол кез-келген қиындықты қасқайып қарсы алатын адам. Жеңгем осы жағдайдайды ести сала  бірнеше рет талып, денсаулығы сыр берді. Жерлеуге дейін ағам да сыр бермей өзін ұстауға тырысты. Бірақ, қазір ауырып қалды. Қызының мынандай өлімі оны да  әлсіретпей қоймады",-дейді Қайрат Нүкенов.