Блогер Перизат Мырзахмет не үшін орамал шешкенін айтты
Белгілі сценарист орамал тағып жүргендегі көрген кедергілерімен бөлісті
Танымал блогер 2010 жылы намаз оқып, орамал таққан, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Талай рет орамалым туралы айттым. Оны бірақ ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қазір шешкім келді, шештім деп қысқа-нұсқа айтып жүрмін. Тимур Балымбетов те осы сұрақты қойған. Қандай жауап айтсам да, оны қабылдамайды. Тыңдарманның, оқырманның өзінің ішінде шындығы бар. Оқырманның шындығымен менің шындығым сәйкес келмегені үшін кінәламаңдар.
Менің өз шындығым бар. 2010 жылы Алматыға көшкен кезде менде бәрі керемет болды. Ештеңеден таршылық көрмедім. Бір күні “Құдайға рахмет айтатын сәт болған шығар" деген ой келеді. Намаз оқыған кезде оранып, басқа кезде жалаңаш жүре берсем болатын еді. Бірақ перфекционист болғаннан кейін орамал тағып, жамылып бастадым", – деп еске алды алғаш намаз оқыған жылдарын.
Алайда әнші орамал таққаны үшін түрлі кедергілерге тап болғанын жасырмады.
"Қазір "иманың әлсіреген", "сен намазды тастаған жоқсың, намаз сені тастады" деген пікір айтылады. Мен білмеймін, Құдайдың жазғаны сол. Маған “шеш!” деген бұйрық келді, мен орындадым. Телпек киіп жүрген кездерім болды. Қарағандының 80 жылдығын ұйымдастыру үшін маған сценарий жазу тапсырылды. Сол кездегі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев іс-шараға қатысады деген хабар жетті. Мені стадионның күзетшісі кіргізбей қойды. "Орамалмен кірмейсің, Назарбаевқа ол ұнамайды, қазір командадан шығарып жібереміз" деді. Динара Адам "Команда үшін шеш басыңдағыны, ең болмаса, телпек киіп келші” деп өтінді.
Ол кезде жұқа телпек таба алмай, қалың бас киім киіп отырғаным әлі күнге дейін есімде. “Риксоста” Динара Адам екеумізді үлкен бір танымал адаммен кездесуге шақырды. Ана кісі мені көрген кезде орнынан тұрады да, кетіп қалады. Мен орамалмен отырдым. Динара сасқалақтап қалады да, "не болды?" дейді. "Маған хиджабтағы қыз ұнамайды" дейді. Ал мен сценариспін, орамалымның ол жерге қатысы жоқ. Динара тағы да "сен шыға тұр" деді. Сол кезде "мынау менің жұмысыма кедергі" деген ойлар кете бастайды", – дейді блогер.