Шымкенттік молда хадис жаттамаған балаларды аямай сабаған
Молда осы ісіне қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған
Хадис жаттамаған балаларды көк алай қойдай сабаған шымкенттік молда қылмыстық жауапкершілікке тартылмады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Себебі, полиция таяқ жеген жеткіншектердің ата-аналары мен діни тәлімгер мәмілеге келгендіктен істі тоқтаттық деп отыр.
Еске салсақ, денесі көгерген оқушылардың видеосы жарты жыл бұрын әлеуметтік желіде таралып, жұрт жағасын ұстаған болатын. Белгілі болғандай, молда үйінде оқушылардың діни сауатын ашқан. Бірақ ол эмоциясын ұстай алмай, балаларға қол көтерген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жаға ұстатарлық жағдайдан кейін мешіттің ұстазын қызметінен босатты. Мүфтият өкілдері білектің күшімен жеткіншектерге діни сабақ беретіндерді құптамайтындарын айтқан еді.