“1 млрд 81 миллион табыс таптым”: актер Қайрат Әділгерей кино түсіріп, рекорд жаңартты
Актер фильмнің үшінші бөліміне дайындалып жатқан көрінеді
Танымал актер, әзілкеш Қайрат Әділгерей кино түсіріп, мол табысқа кенелгенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ. Сыбайлас жемқорлық туралы фильмінің бірінші және екінші бөлімін көрермен жылы қабылдаған.
Актер фильмнің үшінші бөліміне дайындалып жатқан көрінеді.
“Үшінші бөлімін түсіргеннен кейін жемқорлық тақырыбын жабамыз. Бұл бөлімде комедия жанрын аз қосамыз. Көбіне статистикаға мән береміз. Одан кейін кино желісі жемқорлықтың кесірінен болған оқиғалармен өрбейді. Бұл кино да шетелде түсіріледі. Қаңтар айында жобамызды бір пысықтап, щетелге аттанамыз”, – деп жоспарын айтты.
Актердың айтуынша, фильмінің екінші маусымына көңілі толған. Тіпті өзі күтпеген дүмпу болып, әр өңірден билет сұрап хабарласқан көрермен санында шек болмапты.
“Әдеттегідей комедия жанрындағы фильмнің бірі болады деп ойладық. Алайда жағдай біз ойлағаннан да керемет нәтижелі болды. Бір аптада 1 миллион АҚШ долларын жинады. Кинотеатрда 58 күн үзбей көрсетілді. Осыған дейін қаншама кино көрсетіліп жатса да, 58 күн бойы аншлаг бұрын-соңды болмапты. Отандық киноиндустрияда милиардер болған Нұрлан Қоянбаевтан кейін біз екінші орынға жайғастық. Жалпы, біздің сценарист пен режиссер халық көңілінен шығатын керемет туынды жасап шығарғанын айтпасқа болмайды”, – дейді актер.
Актер алғашқы продюсерлік дебюті болса да, түсіне кірмеген қаражат жиналғанына әлі күнге дейін таңданады.
“Көрсетілім біткеннен кейін кассаны санағанда 1 миллиард 81 миллион теңге түсіпті. Кино түсіру үшін инвестор тауып, содан ақша алған едік, ең бірінші соны қайтардық. Жарнама мен кинотеатрдың әкімшілігімен есептестік. Қанат Әлжаппаров екеуміз болғасын қолымыздағы 30 миллионды теңдей етіп бөліп алдық. Тоғыз ай бойы төгілген тердің ақысы осылай ақталды. Қазір халықтың талғамы өзгеріп кетті. Ішкі ниетің ақша жасау болып арзанқол дүние ұсынсаң көрерменге өтпей қалуы мүмкін. Халық талғамының өскенін байқадым”, – деп ағынан жарылды актер.
Еске салайық, актриса Дариға Бадықова Қайрат Әділгерейдің киносынан түскен табыстан сыйақы алғанын айтқан болатын.