Келесі жылдан бастап елімізде зейнетақы төлемдері 9%-ға дейін өседі
- kyn.kz
- 20 қараша, 2023
- 1.6k
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері 9%-ға өседі, деп хабарлайды KYN.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері де 7%-ға артады.
Зейнетақыны көтеру инфляция деңгейіне байланысты, үкіметтің болжамы бойынша инфляция 6-8% аралығында болады.Ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңге, ал ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 28 215 теңге болады деп күтіледі. Жас бойынша берілетін зейнетақының ең жоғары мөлшері 152 295 теңге болады.
“Ең төменгі базалық зейнетақы 2024 жылы 60-тан 65 пайызға дейін өседі. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 100-ден 105 пайызға дейін артады. Бұл өмір сүру құнына байланысты”, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің сарапшысы Айжан Мусина.
Инфляцияның нақты деңгейін ескере отырып, зейнетақы төлемдері кемінде 20 пайызға артуы тиіс, дейді сарапшылар. Себебі соңғы жылдары азық-түлік себеті екі есе қымбаттаған.
“Ең дұрысы, зейнеткерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін шешу керек. Біздің зейнеткерлер – халықтың ең осал және кедей бөлігінің бірі. Бұл барлық жерде дерлік сондай екенін айту керек”, – дейді қаржы сарапшысы Арман Бәсембаев.