Ресей елінде 20 жылға жуық губернатор болған қазақ Аман Төлеев қайтыс болды
Аман Төлеев Ресейдегі президент сайлауына үш рет қатысқан саясаткер
Кемерово облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев 79 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Саясаткердің өмірден озғаны туралы ақпаратты қазіргі аймақ басшысы Сергей Цивилев ВКонтакте желісіндегі ресми парақшасында хабарлады. "1997 жылдан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы болған Аман Гумирұлы Төлеев өмірден өтті. Ол - бүкіл өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше тұлға. Бұл - орны толмас қаза. Өңіріміздегі кей оқиғалар Аман Гумирұлымен байланысты: кеншілер Транссібір темір жолындағы қозғалысты бөгеген қиын-қыстау кезеңдерде аймақты басқарып, дағдарыстан шығара білді", - деп жазды губернатор.
Еске салайық, Аман Төлеев 2018 жылғы сәуір айында 60 адам, көбісі балалар қаза тапқан "Зимняя вишня" өртіне байланысты митингіден кейін әкім қызметінен кеткен болатын. Сол жылы Төлеев саяси мансабын аяқтағанын хабарлаған еді. Айта кетейік, Аман Төлеев Ресейдегі президент сайлауына үш рет, 1991, 1996 және 2000 жылдары үміткер ретінде қатысты.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Аман Төлеев 1944 жылы 13 мамырда Түрікмен КСР-де дүниеге келген. Әкесі қазақ. Анасы жағынан татар, башқұрт қаны бар. Оның есімі Амангелді Имановтың құрметіне қойылған. Әкесі Молдағазы Қолдыбайұлы Төлеев майданда қаза тапқан. Аман Төлеев анасының кеңесімен Амангелді Молдағазыұлы деген аты-жөнін Аман Гумирұлы деп өзгерткен.