Қоғам

Алматыны жарықтандыруға жауапты компанияда 91 адам екі айдан бері ақысын ала алмай жүр

Компанияның жұмысшыларға бермеген қаражаты 30 миллионға жуық

Қала әкімдігі соттасып жатқан ABM-BUILDING 2007 серіктестігінде еңбек еткен 91 адам екі айдан бері маңдай тер ақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қаладағы шамдардың жөнді жанбауы компаниядағы техниканың әбден ескіріп, құрал-сайман тапшылығынан дейді ашулы жұмысшылар. Компанияның бас директоры жалақының берілмеуіне де, жүктелген міндеттің толық атқарылмауына да әкімдіктегілерді кінәлады. Алматынының жарығын жөндеп келген мамандар бүгін жұмысқа аттанатын орталыққа жиналды. Әрқайсысы кезінде әр түрлі қызмет атқарған. Бірі ақау реттесе, енді бірі тексеріс жүргізетін. Өткен айда компания 91 адамның екі айлық маңдай тер ақысын бермей, «қысқарту «деген желеумен жұмыстан қуып жіберді деп отыр.

“Қыркүйек айы, қазан айының айлығын берген жоқ. Береміз деді. Қыркүйек айы 170, қазан айы 180. 350 мың ақшамыз бар. Біреу келді, алдында «міне, жігіт сөзім, жұма күні кешке түсіреміз немесе дүйсенбі қолма-қол беремін» деді. Жарайды деп шу көтерген жоқпыз. Енді бүгін келсек, ешкім жоқ. Ешкім телефонын алмайды”,- деді Санжар Ғабдұлмансұров.

Жалақыны бермей отырған ABM-BUILDING 2007 серіктестігі 2018 жылы қала әкімдігімен келісімшартқа отырған. Сол уақыттан бері компания шаһарды жарықтандыруға жауап берген. Бірақ соңғы уақытта Алматының басым бөлігі тас қараңғы деген тұрғындардың шағымы көбейіп кеткен. Атқамінерлер бұған жүктелген міндетті толық атқармады деп мердігерді сотқа берді.

“ Қазір Алматыдағы барлық жарық шам толық жанбайды. Себебі,барлық бригаданың жұмыс істеуіне ешқандай мүмкіндік жасалмаған. Біріншіден, бұл жерде материалдық жағдай. Берілген материалдар ескі, яғни қолданылған. Одан кейін техника мәселесі. Техника бір сағат жұмыс істесе, екі сағат жөндеуге кетеді. Техниканың ақауы өте көп”,-деді Айдын Нұрғали.

Ал компанияның директоры әкімдікті кінәләй кетті. Жұмыстың жөнді жасалмауы шенділердің кесірі деп отыр ол.

“Қазір Алматыда 185 мың жарық нүктесі бар. Бізде құжатта 80 мың. Біз ақша алатынымыз 80 мың. Бірақ, жұмыс істейміз 185 мыңына. Осы уақытқа дейін негізі әкімдікке жазылған”,-деді Тимур Сәдіров, ABM-BUILDING 2007 ЖШС бас директоры.

Әкімдік жаздан бастап қаржыландыруды тоқтатты дейді. Жалақы соның кесірінен берілмепті. Өзінің есебінше шенділердің компанияға берешегі 11 миллиард теңге.

“ Әкімдік маусымнан бастап төлемегеннің өзінде де біз жұмысшыларға төлеп жүргенбіз, өз ақшамыздан. Біздің ақша, орысша айтқанда, не резиновый. Қазір жұмысшылардың алдында екі ай қарыз бар”,-деді Тимур Сәдіров, ABM-BUILDING 2007 ЖШС бас директоры.

Ал әкімдіктегілер қаржыландырудың тоқтатылуын былай түсіндіріп отыр.

“ Мемлекеттік әріптестер міндеттемелерді орындау мерзімдері бойынша жеңілдіктерге барды және 2023 жылдың ортасына дейін шарт бойынша төлемдерді толық көлемде жүзеге асырды. 2019-2023 жылдары шарт бойынша жеке әріптеске оның инвестициялары мен қызмет көрсету шығындарын өтеу есебінен шамамен 27 млрд. теңге (26 987 814 022 теңге) төленді. Төлемдер жеке серіктестің шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауына байланысты 2023 жылғы шілдеден бастап тоқтатылды. 2022 жылға арналған шамдарды орнату бойынша (9 058 дана қарыз). Пайдалануға беру бойынша бірде-бір шам әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген және коммуналдық меншікке берілмегеня”,-деді Алматы қаласының әкімдігі.

Дегенмен компанияның бас директоры жалақыны осы жылдың соңына дейін қайтарамыз деп сендірді. Бірақ оның жауабы жұмысшылардың көңілін көшітпеді. Еңбек ақысын бүгін-ертең қайтаруын талап етіп отыр. Егер берілмесе, прокуратуға арыздануға бекінген.