Қоғам

"Анасы сұмдық шындықты айтты": Жамбыл облысында 12 жастағы оқушыны мәслихат депутатының күйеуі жүкті қылған

Оқушыны қорқытып ойнас жасаған қалталы оны түсік жасауға мәжбүрлеген

Жамбыл облысында білім бөлімінің басшылары 12 жасар оқушының жүктілігін 1 жыл бойы жасырып келген, деп хабарлайды KYN.KZ.

Тіпті, мектеп әкімшілігі Жаңатас қаласындағы жаға ұстатар жағдайды жылы жабу үшін, ескертусіз қызыма түсік жасатқан дейді анасы. Қазір жетінші сыныптағы жеткіншекке азғындық жасады деген күдікпен аудандық мәслихат депутатының күйеуі қамауға алынды. Сондай-ақ, полиция қылмысты дер кезінде хабарламаған білім саласының қызметкерлеріне қатысты іс қозғалғанын жеткізді. Өңірдегі әріптесім Нұраддин Рақай сұмдық оқиғаның жай-жапсарын біліп келді. 

Қызына жасалған азғындықтан соң анасы көрші-қолаң сөзіне, көлденең кісі көзіне көрінуден қалдым деп жыларман болды. Болған сұмдық жайтты түршікпей жеткізу мүмкін емес. 12 жасар қызды ұзақ уақыт 55 жастағы күдікті көңілдес еткен. Телефон сыйлап тілін тауып, оқушыға ойына келгенін істеген дейді келіншек. Ақыры аяғы ауыр болып, анасы бар шындықты айтуға бел буған. Бірақ күдіктінің қалтасы қалың, қолы ұзын ым-жымын шығарма деп қорқытты деп отыр.

“Мама керек жоқ. Оның байланысы мықты. Әйелі депутат. Бала-бақшада меңгеруші болып істейді деп жылады. Маған қызым жүкті екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтты. Жүктілік мерзімі шамамен алты айлық”,-деді Мариям Смадиярова, анасы.

Жалғызбасты әйел қызының жүктілігін мектеп басшылары да жасыруға жанталасқанын айтады. Мұның бәрі жатып оқитын мектеп интернатының қабырғасында бір жыл бұрын болған екен. Жүктіліктің алты айлығында оқушыны білім ошағының қызметкерлері Жаңатастан, Қаратау қаласына алып кеткен. Сол күні қызым телефон соққанда жанымды қоярға жер таппадым дейді.

“ Маған түсік жасатамыз деп айтқан жоқ. Олар түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген. Мен білмедім. Тек түнде қызым түсік жасатқызғаны туралы хат жазып жіберіпті. Омырауын сүт тарауы үшін шарфпен буып үйге әкеліп тастады.
Бірақ бұл түсік ешқандай құзырлы органдарында тіркелмеген. Тіс жармай түсік жасатудың жолын тапқандар жеке гинеколог жалдаған”-дейді анасы. 

Болған оқиғаны растаған білім бөлімінің басшысы күдіктінің бала-бақшада күзетші болып істегенін айтады. 

“ Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан мен аяқталмай ешнәрсе айта алмаймын. Оқиға болғаны рас. Мына Айгөйлек бала-бақшасында күзетші болып жұмыс істеген. Мемлекеттік бала-бақша”,-деді Ілияс Баймағамбетов, Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы.

Қазір полиция департаменті бұл айтылғандарды тергеумен дәлелденгенін жеткізді. Жетінші сыныптағы жеткіншекке азғындық жасаған күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ, осы іске қатысы бар білім бөлімінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. 

“ Тергеу барысында жыныстық қатынас салдарынан 2022 жылы жүкті болғанын анықтаған. Алайда жүктілік дерегі мектеп басшылығымен жасырылған, тиісті органдарға хабарласусыз түсік жасалған. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Мектеп басшылығына қатысты ҚР ҚК 434 бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау туралы іс тіркелді”,-деді Алмаз Саламатов, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары.

Жасөспірімдер арасындағы жайсыз жағдайлар ел президентінің өзін елеңдеткен еді. Мемлекет басшысы әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты кез-келген зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді жолдауда да айрықша атап өткен болатын.