Елімізде 146 мыңға жуық саудагер жаппай жазалануы мүмкін
Үкімет Президенттің инфляцияны екі есе азайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін қатаң шараларға барады
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов сауда орындарына мониторинг күшейтілгенін хабарлады, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Қазақстан аумағында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді. Ол коррупция көріністерін жоюға, сондай-ақ инфляцияның және ӘМАТ бағасының өсуіне жол бермеуге бағытталған. Пилоттық жоба аясында өндірушіден шығып, бөлшек сауда орнының сөресіне дейін жеткенше, азық-түлік тауарларына сауда субъектілерінің баға белгілеуіне жедел мониторинг қамтамасыз етіледі. Бұл алыпсатарлықты болдырмайды. Бизнестің заңнамада көзделген сауда үстемеақысының мөлшерін сақтауы бақыланады", – деді Бауыржан Құдайбергенов.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.
Оған сәйкес, заңмен бекітілген үстемеақыдан көп қосқан бөлшек сауда кәсіпкерлері жазаланады.
Қазақстан нарықтық экономикалы ел екеніне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бөлшек сауда бағаларын бақылауды енгізді. Бұл ретте саудагерлердің ең жоғарғы, "шекті сауда үстемесінің" мемлекет рұқсат еткен мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс. 15 пайыздан асып кетсе, Әкімшілік кодекстің 204-4-бабы негізінде әкімшілік жаза қолданылады.