Елімізде айына 10 мың теңгеге өмір сүретін адамдар бар
Ресми статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың 68%-ының айлығы 150 мың теңгеге жетпейді
Республикада биыл 1 миллион 34 мыңнан астам адам кедей ретінде танылды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Яғни, кедейлер саны 2022 жылғыдан 17%-ға өскен. Экономистер қалт-құлт күнелтіп жүргендердің қатары бұдан бірнеше есе көп деп санайды.
Мұны енді 2021 жылы жүргізілген ұлттық халық санағы айғақтап отыр. Оның түпкілікті, жан-жақты, егжей-тегжейлі қорытындыларын Ұлттық статистика бюросы енді ғана шығарып жатыр.
Ведомство санақ жүргізілген тұста 500 мың теңгеден асатын табысқа ие азаматтардың аз шоғыр ғана қалғанын анықтады. Содан бері көрсеткіш тек құлдырап келеді.
Сонымен, Ұлттық статбюро санақ қорытындыларының тұтас бір блогын топтастырып, "Қазақстан Республикасы халқының табыстары және күнкөріс қаражатының көздері" атты жинақ жариялады. Құжат қазіргі және кейінгі зерттеушілер үшін таптырмас ақпарат қайнарына айналары сөзсіз.