Қоғам

"Тойымызды жасап үлгермедік": алматылық ер адам әйелінің жазатайым өліміне әкімдікті кінәлады

Алматыда 23 жасар қалыңдық самокатпен траншеяға құлап қаза тапқан

Кирилл Василенко әйелінің өліміне жолдың жөнделіп жатқаны туралы ешқандай белгі қоймаған компания мен оның жұмысын бақылауда ұстамаған әкімдікті кінәләйді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Әрі, тергудің де созбалаңға салынып кеткенін айтады. Қайғылы оқиға бес ай бұрын болса да, іс әлі сотқа жетпеген. Тіпті күдікті ретінде ешкім танылмай отыр.Оқиға биыл жазда болған. Әйелі мен күйеуі самокат тақымдап Абай даңғылындағы велосипед жолағымен батыс бағытқа қарай келе жатады. Қонаев көшесінен өте бере, дәл сол жерде, сол уақытта қазулы болған траншеяны байқамай аунап түседі. Ауыр жарақаттан келіншек сол жерде қаза тапқан. Қазулы тұрған траншеяның суреті. Мұндай орға самокаттың дөңгелегі түгіл, көлік те қадалып қалары анық. Шұңқырды байқамауының себебі де белгілі. Біріншіден, оқиға түнгі сағат 1-2 шамасында болған. Екіншіден, жөндеу жүріп жатқаны туралы ешқандай ескерту де, белгі де болмаған дейді марқұмның жұбайы. 

“Екеуіміз бір самокатта болғанбыз. Солай жиі жүрдік. Ол кезде ешқандай шектеу болмаған. Сол күні мен екі көшенің қиылысына жеткенде жылдамдықты азайттым. Жан-жағыма қарап, көліктің жоқ екеніне көзімді жеткізіп барып қозғалдым. Траншеяның қазылғанын тақаған кезде ғана көрдім. Тежегішті басуға тырысқаныммен, нәтиже бермеді. Аунап түсітік. Көзімді ашсам, әйелім есінен танып жатыр. Жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды”,-деді Кирилл Василенко, марқұмның жұбайы.

Марқұм Саида Гусманова небәрі 23 жасында көз жұмды. Жас болса да университет қабырғасында сабақ беріпті. Ал Кириллмен осыдан үш жыл бұрын танысқан. Көп ұзамай некелерін заңдастырыпты. Енді тойдың әуресімен шапқылап жүргенде көз жұмып отыр.

“ Қазақтың барлық салт-дәстүрін сақтау мақсатында ұзату тойын өткіземіз деп ойлағанбыз. Сырға салу рәсіміне дайындалып жүргенбіз. Оқиға болған күні, 24 маусымда біз асабамен өтетін тойды талқылап, үйімізге қайтып бара жатқан едік”,-деді Кирилл Василенко, марқұмның жұбайы.

Биыл жазда Абай даңғылының жолын жөндеуге Asmar Stroy серіктестігі жауап берген. Жұмысына сылбыр қарап, арнайы белгі қоймаған сол компания дейді заңгер. Айтуынша, осы уақытқа дейін талай тендер ұтқан мердігер тамыр-танысы көп ірі компания болған соң іс созбалаңға салынған.

“ Бес айдан астам уақыт өтті. Бірақ ешқандай тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Ешкімді «Аsmar stroy»-дан күдікті ретінде танымады. Бізді жәбірленуші ретінде танымаған ол іс бойынша. Сегіз тендер ұтып алды, 22 жылы. 2023 жылы айналымында 10 миллиард ақшасы бар компания. Үлкен компания. Ол жерде біраз қызметкер жұмыс істейді. Мүмкін тергеуге өзінің бір қысымын көрсетіп жатқан шығар деп ойлаймыз”,-деді Данияр Кәріпжанов, заңгер.

Алайда компаниядағылар да, әкімдіктегілер де қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Екеуі де тергеуді желеу етіп отыр. Полицейлер марқұмның жұбайы жәбірленуші болып танылғанын ғана жеткізді. 

“Медеу ауданы ПБ басқармасының мәліметінше, аталмыш іс бойынша ҚК 277-бабы бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Қайтыс болған келіншектің жұбайы ресми түрде жәбірленуші болып, қылмыстық іс аясында танылды. Тергеу жалғасып жатыр”,-деді Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі.

Полицейлер тергеуде анықталады деп отыр. Марқұмның жұбайы мердігер компанияның директоры мен солардың жұмысын бақылауда ұстау керек болған шенділердің қатаң жазаға тартылуын талап етуде. Егер іс сиырқұймышақтанып кетсе, қалалық прокуратураға арыздануға бекініп отыр.