Қоғам

Алматыда білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды

Антикордың мәліметінше, ол 12 млн теңгеден астам пара алуға әрекет жасады деген күдікке ілінген

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық прокуратураның үйлестіруімен білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын ұстады, деп хабарлады KYN.KZ.

Антикордың мәліметінше, ол мегаполистің білім беру мекемелерінде жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен оқушылар үшін балаларға арналған лагерь ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетушіден 10% көлемінде 12 млн теңгеден астам пара алуға әрекет жасады деген күдікке ілінген.

Пара жеткізуші компанияны конкурстың жеңімпазы деп тануға арналған.

Жеткізушінің балалар лагерін толыққанды ұйымдастыру үшін қажетті материалдық және еңбек ресурстарына ие болмастан, конкурстың жеңімпазы болып танылғаны анықталды. Лауазымды адам соттың санкциясымен қамауға алынды, – делінген Антикор хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.