Қоғам

Абай облысы әкімі өңірді жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды

Нұрлан Телманұлы жылу мен ауыз суға қатысты қолға алынған бастамалар мен жоспарлар жайлы айтты

Облыста қуаттылығы сағатына 100 Гкал-дан жоғары 4 ірі жылу көзі, сағатына 100 Гкал-дан төмен 40 шағын қазандық және бюджеттік ұйымдардың меншігіндегі 273 автономды қазандық, сондай-ақ жеке меншікте 5 қазандық бар. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі мәлімдеді.

Дегенмен, бұл саладағы басты мәселенің бірі – жылу желілерінің тозуы. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 464,5 шақырымды құраса, бұл желілердің орташа тозу деңгейі 68%. 279 шақырымға жуық жылу желісі қайта құруды қажет етеді. Биыл 24 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, қайта жаңғырту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр, жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоспарланған жылу қуаты 1200 Гкал/сағ, ал электр қуаты 320 МВт болатыны алдын ала есептелген. Яғни ЖЭО салынса, қаланың оң жағалауындағы жылу энергиясы тапшылығы мәселесі шешілмек.

Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында облыста 54 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 20-сы биыл, қалған 34 нысан ауыспалы болып табылады. Облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жыл соңында 93,4% жетеді деп күтілуде.

2024-2025 жылдары тағы 32 су құбыры желісі жобасын салу жоспарланып отыр. Әлеуметтік-экономикалық даму жобаларына сәйкес меморандум аясында 27 жоба әзірленуде, оның ішінде 9 жылу көзі, 13 жылу желісі, 3 кәріздік тазарту қондырғысы және 1 қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу полигоны.