Атыраулық полицейлер қыздың дауысын салып, телефон арқылы қазақстандықтарды алдаған алаяқты ұстады
Күдікті тұрғындардан алдын ала төлем ретінде алаяқтық жолмен ақша иемденген
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Krisha.kz сайтында пәтерді жалға беремін деп жалған хабарлама беру арқылы тұрғындардан алдын ала төлем ретінде алаяқтық жолмен ақша иемденген.
Ер адам әр түрлі үнге дауысын өзгертіп жас қыз немесе әйел адам болып телефон арқылы оңай алдап отырған. Пәтер жалға алу хабарламасы бойынша 37 жастағы қала тұрғыны Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы хат алмасып, күдіктіге алдын ала 50 000 теңге ақша қаражатын аударған.
Тергеу кезінде күдіктінің осындай 3 қылмыстық іске қатысы бары анықталды. ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.