Қоғам

Үйіне қайтудың орнына ауруханада қалғысы келген: Астана полициясы соққыға жығылған 7 жасар қыздың оқиғасына іс қозғады

Бала үйінде күнделікті ұрып-соғудың салдарынан ауруханаға түскен

Бірер күн бұрын бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram желісіндегі парақшасында осы оқиғаға қатысты пікір білдірген, деп хабарлайды KYN.KZ.

Ол үйінде жүйелі түрде ұрып-соғу салдарынан ауруханаға түскен жеті жасар оқушы қыз жатқан ауруханаға барған. Омбудсменнің сөзінше, бала үйіне қайтқысы келмей, ауруханада қала беруге рұқсат сұраған.

"Үйде жүйелі түрде ұрып-соғу салдарынан ауруханаға түскен жеті жасар қызды көруге бардым. Бала үйге қайтпай, ауруханада қалса бола ма деп сұрады", - деп жазды балалар омбудсмені.

Оның айтуынша, мектепте баланың денесінен соққы іздері анықталған. Мұғалімдер бірден кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияны шақырған. Сондай-ақ Динара Зәкиева қыздың отбасында жеті бала барын айтты.

“Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл отбасын бақылауға алды”, – делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін астаналық білім басқармасы 23 қарашада №37 орта мектеп оқушыларының бірі сабаққа қолы мен бетінен ұрып-соғудың айқын белгілерімен келгенін хабарлаған. Мұғалімнің бақылауымен қыз бірден №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілген.