«30 бала жансақтау бөлімінде жатыр»: Қазақстанда балалар арасындағы қызылша әлі өршуде
Жансақтау бөліміндегі 1 жасқа да толмаған 15 баланың денсаулық жағдайы өте ауыр
Премьер-министр аурудың таралуын тоқтату керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулықтарына аса қауіп төндіреді.
Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Әкімдердің бәріне вакциналау мәселесін жеке бақылауда ұстап, денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Олардың 82%-дан астамы балаларға тиесілі, оның көпшілігі вакцина алмаған балалар. Қызылша аурулары барлық өңірде тіркелген. Жоғары деңгей Шымкент пен Алматы қалаларында, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады.
Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастарға арналған 3,5 мыңнан астам төсек-орын орналастырылған, стационарлық емдеуде 2375 бала бар. Төсек орын қамту жүктемесі – 59,5%-ды құрайды, 1 мыңнан астам орын резервте тұр. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, 1 жасқа дейін – 15 бала бар.