Қарағанды облысында ұрылар құны 1,5 млн теңге тұратын атты ұрлап, соғым етіп сатқан
- kyn.kz
- 28 қараша, 2023
- 1.8k
Қарағанды облысында таза қанды Араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Қарағанды облысы Шет аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңгені құраған.
"Полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азаматтар ұстады. Олардың барлығы Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағанын мойындады. Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.
Сондай-ақ басқарма бастығының айтуынша жыл басынан бері облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыста "Мал ұрысы" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара аясында өңірдегі автожолдарға 17 жылжымалы бекет қойылды.