Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түнгі клубта төбелескен Ақтаудың екі тәртіп сақшысы қызметінен қуылды

Түнгі клубта төбелескен Ақтаудың екі тәртіп сақшысы қызметінен қуылды
Ztb.kz
Төбелес 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні ойын-сауық мекемелерінің бірінде болған

Желіде көрсетілген суреттерге мән берсек, полицейлер оқиға орнынан қашу сәтінде жол көлік апатына түскен, деп хабарлайды KYN.KZ.

«Екі қызметкер де ұсталған жоқ. Олар ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. 27 қарашада олар келеңсіз себептермен жұмыстан шығарылды», - делінген құқық қорғау органдарына жақын дереккөздің мәлімдемесінде.

Таралған деректерге қарағанда, төбелес 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні ойын-сауық мекемелерінің бірінде болған.

«Биылғы жылдың 27 қарашасында сағат 2.00 шамасында Ақтау қаласындағы түнгі клубтардың бірінде болған төбелес кезінде, мас күйінде Ақтау қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Е.О. үстел пышағын қолданып, 1996 жылы туылған Қазақстан Республикасының азаматы Ж.Е.-ны жарақаттаған. Төбелесті ортада болған Е.О. мен Мұнайлы аудандық ІІБ патрульдік полиция ротасының командирі Н.М.-ның арандатып, Ж.Е.-ге балағат сөздер айтып, жәбірленушіге бірінші болып соққы жасаған. Нәтижесінде полицейлер қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, кезекші бригаданы шақырып, оқиға орнынан бой тасалаған», - делінген таралған ақпаратта.

Маңғыстау облысының полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме беріп, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, екі қызметкердің жұмыстан босатылғанын растады, бірақ күдіктілердің аты-жөні мен лауазымын айтудан бас тартты. Ведомство төбелес кезінде пышақ қолданылды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ұқсас жаңалықтар