Экономика

Абай өңірінің делегациясы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының ірі компанияларымен танысты

Кездесуде ауыл шаруашылығы мен туризм бойынша инвестр тарту мәселесі басты назарға алынды

Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына сапары аясында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған Абай облысының делегациясы Үрімжі қаласындағы ірі өнеркәсіп орталықтары мен Халықаралық құрғақ портында болды.

Қытайдағы ең ірі «Hualing Group» компаниясының басшылығымен кездесу өтті. Компания негізінен ауыл шаруашылығына, өнеркәсіптік бордақылау алаңында мал өсіруге, союға және ет өңдеуге маманданған. Жиын барысында тері өңдеу, ет пен сүт өндірісін дамыту мен өңдеуге, сондай-ақ қонақ үй салу бастамасы және т.б. жобаларға инвестиция құю мүмкіндіктері көтерілді. 

Абай облысының кәсіпкерлері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында электр энергиясын тасымалдау және электр жабдықты өндіруде әлемдік көшбасшы саналатын, жылдық трансформаторлық қуаты 260 млн кВА болатын «ТВЕА» компаниясының, сондай-ақ жел генераторы мен суды тазарту жүйелерін өндіретін «Goldwind» компаниясының басшыларымен кездесті. Компания әлемлік жел турбинасын өндірушілер арасында «бестікке» кіреді.

Бұдан бөлек, делегация екі негізгі, яғни тұқым шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының бизнес сегменті бар  «JOIN HOPE» компаниясында болды. Екі жақты кездесудің нәтижесінде компаниямен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жүйеге сүйене отырып, Абай облысында бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар, Абай облысы әікімі Халықаралық құрғақ портта болды. Бұл Қытай елінің ұлттық логистикалық хабы, халықаралық жеткізуді ұйымдастыру және заманауи өнеркәсіптік агломерация және Қытайдың Шыңжаң пилоттық еркін сауда аймағының негізгі орны.

Абай өңірінен арнайы барған делегация кәсіби кездесулердің қорытындысы нәтижесінде логистика, индустрия, экономика, туризм және транзиттік әлеует саласын дамытатын бірқатар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ынтымақтастыққа келді.