«Менің өмірім»: Нұрсұлтан Назарбаев өзі жайлы кітабында екінші әйелі мен одан туған балалары туралы жазған
Тұңғыш президент өз өмірі жайлы жазған жаңа кітабында бұрын соңды айтпаған мәліметтермен бөліскен
Кітапта экс-президент 2011 жылы Жаңаөзенде болған оқиға, 2019 жылғы биліктің жарым-жартылай транзиті, 2022 жылғы Қаңтар қырғыны туралы да жазыпты, деп хабарлайды KYN.KZ.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев туралы да ойын қағазға түсірген көрінеді. Алайда оқырман үшін бұл кітаптың ең қызық тұсы – Н.Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабекова туралы естелігі болмақ.
«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысын ұшақ баспалдағынан гүлмен күтіп алады. Мұндай салтанатты шара үшін жергілікті қыздардың ішінен ең әдемілерін таңдайды. Әдемі шара, бұған біз де үйреніп қалғанбыз. Көз қуанып, жаның жылынады.
«Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім...», – деп жазады автор.
Бұдан әрі оқиға жедел өрбігенге ұқсайды. Мемлекет басшысы үшін бір адамды іздету және табу аса қиын шаруа болмаса керек-ті. Дегенмен де Н.Назарбаев былай деп жазыпты:
«Содан бері біраз уақыт өтті. Талдықорған әуежайында қарсы алған қыз қайта-қайта ойыма орала берді. Күндердің-күнінде оны табудың сәті түсті. Баспасөзді парақтап отырғанмын, газетте жарияланған фото көзіме оттай басылды. Астанада «Қазақстан аруы» конкурсы өтіп, Гран-приді әлгі қыз қтып алыпты (оның есімі Әсел екен)... Енді оны табу қиын болған жоқ.
Таныстығымыз екіжақсы симпатияға, симпатия – жақындасуға ұласты. Біртіндеп кездесе бастадық. Әселдің тұла бойынан өзім іздеген көптеген қасиетті таптым. Ең бастысы – жылдарға созылған рухани жалғыздықтан құтылдым.Әңгімені созбайын. Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды».
Экс-президент Н.Назарбаевтың 50-ден астам кітабы оқырманға белгілі. Алайда жеке өмірі, әсіресе, Әсел Исабаева туралы еш жерде жазған емес. Бұл – тұңғыш естелік.
Кітапты «Фолиант» баспасы басып шығарыпты. Кітап шыққанға дейін жұрт бұл туралы білмегеніне қарағанда, баспа процесін құпиялап қойғанға ұқсайды.