Қоғам

Елімізде мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон қолдануға тыйым салынуы мүмкін

Оқушылардың сабақ кезінде телефон пайдалануына қатысты мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді

Депутаттың сөзінше, сабақ кезінде гаджеттерді тек білім беру мақсатында пайдалануға рұқсат етіледі, деп хабарлайды KYN.KZ.

Мәжілістің Telegram-дағы ресми арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, заң жобасында сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салу, ата-аналарға электронды жүйелер арқылы бағалар мен үй тапсырмаларын тегін қарауға мүмкіндік беру, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезек жүйесін енгізу қарастырылған.

«Мұғалімдер үшін туындаған тағы бір мәселе — заңнамада оқушылардың сабақ кезінде телефон пайдалануына шектеулердің жоқтығы. Осыған байланысты жобада сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма қарастырылған», — деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, балалар мектепке телефон алып келіп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Шектеулер тек сабақ кезінде қолданылады.